АҚШ-та әлемге танымал қазақ физигі Манат Мәуленбайұлы қайтыс болды

АСТАНА. KAZINFORM — Медициналық технологиялар (MedTech) саласындағы озық инновациялардың авторы, әлемге танымал физик-ғалым Манат Мәуленбайұлы АҚШ-тың Калифорния штатында мәңгілік сапарға аттанды.

Фото: Қазақ халықаралық ғылым мен технологиялар қауымдастығы

Ғалымның қазасы туралы қаралы хабарды Калифорниядағы MCC East Bay мұсылман қауымдастық орталығы мен шетелдегі отандық зерттеушілердің басын қосатын QIST (Қазақ халықаралық ғылым мен технологиялар қауымдастығы) ресми түрде растап, марқұмның отбасы мен жақындарына терең қайғырып көңіл айтты.

Манат Мәуленбайұлы Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданына қарасты Алтай аймағының Буыршын ауданында дүниеге келген этникалық қазақ. Ол 1983 жылы Шыңжаң университетінің физика факультетін тәмамдап, Қытай Ғылым академиясының Шыңжаңдағы филиалында ғылыми қызметкер болып жұмыс істеген. Жас ғалымның әлеуетін байқаған Нобель сыйлығының лауреаты, Массачусетс технологиялық институтының (MIT) профессоры Сэмюел Тинг оны кванттық физика саласындағы халықаралық зерттеу тобына шақырады.

1988 жылы Швейцарияға қоныс аударған ғалым Женева қаласындағы Еуропалық ядролық зерттеулер ұйымында (CERN) Үлкен адронды коллайдердегі іргелі зерттеулерге қатысып, Цюрихтегі Швейцария жоғары техникалық мектебінде (ETH Zurich) қызмет атқарды. Осы елде кванттық электродинамика және атом физикасы бағытында докторлық (Ph.D) диссертациясын қорғады.

1995 жылдан бастап АҚШ-қа қоныс аударып, онкология физикасына бет бұрды. Ол Reflection Medical компаниясында бас инженер қызметін атқарып, өкпе обырын лазер сәулесі арқылы емдеуге арналған технологияларды әзірлеуге атсалысты. Ал 2025 жылы әріптестерімен бірге жасанды интеллект пен медициналық сканерлеуді ұштастыратын AIxSCAN стартапының негізін қалады. Бұл жоба өкпе обырын ерте кезеңде жоғары дәлдікпен анықтап, мыңдаған адамның өмірін сақтап қалуға бағытталған болатын. Оның бұл бағыттағы ғылыми еңбектері мен патенттері өмірінің соңғы күндеріне дейін халықаралық базаларда жаңадан тіркеліп жатты.

Манат Мәуленбайұлының халықаралық ғылым мен инновацияға қосқан орасан зор үлесі мен артында қалдырған өшпес мұрасы келесі буын зерттеушілері үшін әрқашан жарқын үлгі болып қала бермек.

Еске салсақ, Қазақстандағы фармацевтика ғылымының негізін қалаушы Кеңесбай Үшбаев өмірден өткенін жазғанбыз.