АҚШ-та ана сүтіне сұраныс артуда

АСТАНА. ҚазАқпарат - АҚШ-та ана сүтіне деген сұраныс артып келеді. Тіпті, бүгінде бала емізетін әйелдер оны табыс көзіне айналдырған. Бүгінде аталмыш сүттің бір литрі шамамен 70 доллар тұрады.

Әйелдер өз «өнімдерін» көбінесе ғаламтор арқылы жарнамалайды. Сүтке деген сұраныстың артып отырғаны соншалық, ел әйелдерінің 80 пайызы баласын өздері емізуді қалайтындарын айтқан. Алайда АҚШ-тың Ана сүтімен емізу жөніндегі комитеті мамандарының айтуынша, ғаламтор арқылы сатып алынған сүттің сапасын ешбір құзырлы орган қадағаламайды. Сондықтан, сүтті ондай жолмен алуға абай болған жөн, деп жазады ВВС.

Айта кетерлігі, бүгінде әлемнің бірқатар елдерінде де ана сүтіне деген зор сұраныс артып келеді. Мәселен, өткен жылы қытайлық миллионерлердің емшек сүтіне мыңдаған доллар ақша төлеуге дайын екені туралы ақпарат тараған болатын. Атап айтқанда, ол елде жаңа туған нәрестені немесе түрлі дертке шалдыққан балаларды, тіпті ересек адамдарды емізетін әйелдерге ай сайын 4 мың доллар төлеуге дайын екендерін айтқан.

Сондай-ақ әлемде ана сүтін сатумен айналысатын алғашқы сайт 2010 жылы пайда болған. Жыл сайын оның тұтынушылары артып келеді. Сондай-ақ сүтін ғаламтор арқылы сататын жеке сатушыларды да көптеп кездестіруге болады. Бұған қоса, 2011 жылы Лондонда ана сүтінен жасалған Baby Gaga балмұздағы пайда болса, қазір Калифорнияда аталмыш сүттен жасалған крем сынақтан өткізілуде.