АҚШ-та әскери әуе күштерінің 10 офицері есірткі сақтады деген күдікке алынды

АСТАНА. 11 қаңтар. ҚазАқпарат - Құрама штаттардың әскери әуе күштерінің 10 офицері заңсыз есірткі сақтады деген күдікке алынып отыр, деп хабарлады Би-Би-Си Американың әскерилерінің сөзіне сілтеме жасай отырып.

Тергеу АҚШ пен Ұлыбританияның түрлі алты әуе базасында қызметтерін өтеп жүрген тоғыз лейтанант пен бір капитанға қатысты жүргізіліп жатыр.

Сонымен бірге, күдіктілердің арасында Монтана штатындағы Мальстром әуе базасында ядролық қаруды басқарудың екі офицері бар. Америкалық БАҚ-тың мәлеметі бойынша, екі офицер де құпия нысандарға кіру рұқсатынан айырылған.

Пентагонның ақпараты бойынша, Монтана базасында ядролық қаруы бар (оқтұмсығы) 420 құрылқаралық баллистикалық зымыран бар.