АҚШ-та балалар SpaceX акцияларын желтоқсанда алады — Маск

АСТАНА. KAZINFORM — Америкалық балалар 2026 жылдың желтоқсанында SpaceX акцияларын ала бастайды. Бұл туралы компанияның негізін қалаушы Илон Маск бұған дейін жарияланған бастаманың іске асырылу мерзімін нақтылай отырып мәлімдеді, деп хабарлайды ТАСС.

Фото: CNBS

Миллиардердің айтуынша, АҚШ-тағы әрбір бала SpaceX-тің екі акциясын алуы тиіс: біріншісін компанияның өзінен, екіншісін жеке Масктың атынан. Компания акцияларын желтоқсанда табыстау жоспарланып отыр, ал кәсіпкердің жеке үлесі оның бағалы қағаздарын беруге қойылған шектеу мерзімі аяқталған соң, 2027 жылдың маусымында түседі.

SpaceX америкалық балаларға арналған арнайы инвестициялық шот — Trump Account-тың әрбір қолданыстағы шотына А санатындағы бір жаңа акциядан бөлетінін растады. Маск дәл осындай көлемдегі акцияны өзінің жеке активтерінен беруге уәде етті.

25 қарашадағы деректер бойынша, SpaceX-тің бір акциясы шамамен 127,44 доллар тұрған. Егер бағдарламаға ашылған 70 миллионға жуық шоттың барлығы қатыса алса, екі акция пакетінің жалпы құны 18 миллиард долларға жуықтауы мүмкін. Дегенмен қанша шоттың іске қосылғаны және бағдарлама талаптарына сәйкес келетіні әзірге белгісіз.

Бұған дейін, қазан айында Маск АҚШ-тағы әрбір балаға SpaceX-тің бір акциясынан беруге уәде еткен болатын. Кейінірек ол сыйлық көлемін екі акцияға дейін арттыратынын жариялады.

Бұдан бөлек, SpaceX президенті әрі операциялық директоры Гвинн Шотвелл табысы төмен отбасылардан шыққан балаларға 2 миллионнан астам акция беруге уәде етті. Оларды тарату да желтоқсан айында басталады деп жоспарланып отыр.