АҚШ-та балалары шулағаны үшін келушілерден ақы алатын мейрамхана бар

Фото: pixabay.com

АҚШ-тағы мейрамхана балаларын «тәрбиелей алмайтын ересектерден» қосымша 40 фунт (шамамен 49 доллар) алып отыр. Kazinform бұл туралы Sky News-ке сілтеме жасап хабарлайды. 

Ашулы ата-аналар кей тұтынушыларынан балаларын қадағаламағаны үшін ақы алатын АҚШ-тың Джорджия штатындағы Toccoa Riverside мейрамханасына бармауға шақырады. Клиенттердің бірі балаларының тәртібі жақсы болғанымен, оларға айыппұл салынғанын айтты.

Toccoa Riverside мейрамханасы ұсынған ас мәзірінің төменгі жағында «ата-ана бола алмайтын ересектер үшін айыппұл» туралы жазылған.

Мәзірде «Құрмет жоқ болса, қызмет жоқ» деген де жазба бар.

Кейбір келушілер мұнда тамақтанып, шоттарын төлеген кезде өздеріне айыппұл салынғанын айтты.

Кайл Ландманн интернетте қалдырған пікірінде мейрамхана иесі балаларының тәртібіне байланысты шотына 50 доллар (£41) қосқанын жазды.

Ол балаларының тамақ әкелгенше планшеттен видео көргенін, сосын ол шотты төлегенше тыныш тамақтанып, далаға шыққанын айтты.

Балалар дастарқанның бір шетінде отырып, өздерін жақсы ұстағаны сонша, ата-анасы олардың мұншалықты тәртіпті болғанына сенбеген.

Балалардың анасының айтуынша, отбасы тамақтанып болған бойда қасына мейрамхана иесі келген. Олар балаларының тәртібі үшін мақтау естиміз деп ойлады. Алайда мейрамхана иесі балаларының «шулап», «көшеде жүгіріп жүргенін» айтты.

Sky News агенттігінің тілшілері қосымша ақпарат алу үшін мейрамханаға хабарласты, бірақ қызметкерлердің бірі мейрамхананың көптеген жылдар бойы ұстанған саясаты туралы түсініктеме бермейтінін айтты.