ШИЕЛІ. ҚазАқпарат - Шиелілік жас кәсіпкер Мөлдір Дүйсенова тұрмысы төмен отбасы балаларына ағылшын тілін тегін үйретеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ол аудармашы мамандығы бойынша білім алған. Одан кейін АҚШ елінде білімін жетілдіріп қайтты. Одан кейін Түркия мен Ресейде тәжірибесін толықтырды. Ағылшын тілін жетік меңгерген жас кәсіпкер былтыр «Zhas Project» жобасы бойынша грантқа қол жеткізді. Шиеліде 2013 жылдан бері ағылшын тілі курсын ашқан ол жергілікті өрендерге тәлім беру ісін жолға қойды.
«Бүгінгі күнге дейін ауданның 3 мыңға жуық өрені біздің курстарға қатысты. Алғашқыда өзім ғана қызмет атқарған едім. Қазір бізде 10 мұғалім бар. Төрт жерден филиал аштық. Бізге ауыл мектептерінен де ұсыныс түсіп жатыр», - деді Мөлдір Дүйсенова.
Соңғы уақытта ол ізгі істі қолға алды. Жетім балалар, толық емес, аз қамтылған және көп балалы отбасы балаларына тегін дәріс беріп келеді.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.