АҚШ-та бұрын-соңды болмаған аптап ыстықтан пойыздар тоқтатылып жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — Дүйсенбі күні АҚШ-тың солтүстік-шығысы мен Орта Батысында ондаған миллион адам аптап ыстықтан зардап шекті, деп хабарлайды АЗЕРТАДЖ.
Бұл рекордтық жоғары температура электр қуаты мен пойыз қозғалысындағы ақауларға да әкеп соқты.
Аптап ыстық туралы ескертулер демалыс күндері жарияланып, апта бойы АҚШ аумағының көптеген аймақтарында өз күшін сақтайды деп күтіліп отыр. Шығыс жағалауындағы ресми тұлғалар ылғалдылықпен қосарланған аптап ыстық көп өңірде 43 градус Цельсийге дейін «сезілуі» мүмкін екенін ескертті, деп жазады Reuters агенттігі.
Ұлттық метеорологиялық қызмет түнде де аптап ыстықтың жеңілдемейтіні туралы ескертті.
Дүйсенбі күні Шығыс жағалаудағы кейбір пойыз қауіпсіздік мақсатында жолда тоқтатылды. Amtrak компаниясы жолаушы вагондарының қозғалыс жылдамдығы аптап ыстыққа байланысты шектеулерге сай баяулатылатынын хабарлады.
Amtrak-тың температуралық шектеулері сыртқы ауа температурасы 35°C-тан асқан кезде енгізіледі. Компания пойыздардың жылдамдығын рельстердің температурасы 54°C-қа жеткенде де төмендетеді.
Денсаулық сақтау саласының мамандары ашық ауада жұмыс істейтін қызметкерлер үшін жұмыс кестесін қайта қарап, жеткілікті үзілістер мен сұйықтық ішу мүмкіндігін қамтамасыз етуге және күн өту немесе сусыздану белгілеріне назар аударуға шақырды.
АҚШ-тағы электр желілерінің операторлары электр станцияларына жүктемені ең жоғары деңгейде ұстап тұруға дайын болуды тапсырды. Өйткені тұрғындар желдеткіштер мен кондиционерлерді қосып, электр энергиясына деген сұранысты күрт арттырмақ.
Нью-Йорк қаласында сейсенбі күні температура 36°C болады деп болжанып отыр, бұл сол күнге дейінгі барлық тарихи көрсеткіштерден асып түседі.
Ғалымдар мұндай экстремалды ауа райы құбылыстары жаңа қалыпты жағдайға айналып бара жатқанын, енді қандай өңірлер климаттың ең ауыр салдарларынан қорғалмаған деген түсініктердің өзгеруі мүмкін екенін ескертеді.
Аптап ыстық Ұлыбританияда да байқалып, ал өткен аптада Арктикалық Аляска штатында алғаш рет аптап туралы ескерту жарияланды. Өткен айда Қытайда да ауа температурасы күрт көтерілген.
Климаттың өзгеруіне байланысты барлық ауа райы құбылыстарының ішінде экстремалды ыстық адам өміріне ең қауіптісі болып саналады. Ол тіпті су тасқыны мен дауылдарға қарағанда да қауіпті. Өткен жыл адамзат тарихындағы ең ыстық жыл болып тіркелді, әрі алдағы ондаған жылдар бойы температураның көтерілуі жалғасады деген болжам бар. Себебі жаһандық жылынуды туындататын парниктік газдардың шығарындылары әлі де артып келеді.
Экстремалды аптап ауыл шаруашылығына, мал шаруашылығына, электрмен жабдықтауға және орман өрттеріне айтарлықтай экономикалық зиян келтіруі мүмкін. Сондай-ақ, бұл жағдай коммуналдық қызметтер, денсаулық сақтау және көлік жүйелерінің жұмысына кедергі келтіреді.
Айта кетейік, Қазақстан әлемдік көрсеткішпен салыстырғанда климаттың өзгеруіне қатты ұшырап отыр. Кейінгі жарты ғасырдағы бақылауға сәйкес, Қазақстанда жерге жақын ауа температурасы 10 жыл сайын орта есеппен 0,32 градусқа көтеріліп келеді. Ал әлем бойынша бұл көрсеткіш 0,18 градустан аспаған.