АҚШ-та COVID-19 екпесінен бас тартқан әскерилер қайта жұмысқа қабылданып жатыр
ВАШИНГТОН. KAZINFORM – АҚШ Қорғаныс министрі Пит Хегсет коронавирусқа қарсы міндетті вакцинациядан бас тартқаны үшін жұмыстан босатылған әскери қызметкерлерді қайта қызметке алу туралы бұйрыққа қол қойды. Бұл туралы Пентагон ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Анадолы.
Министрдің айтуынша, қазіргі уақытта пандемия кезінде екпеден бас тартқаны үшін шеттетілген әскери қызметкерлердің құқықтарын қорғауға бағытталған қосымша құқықтық тетіктер әзірленіп жатыр.
– Біз осы саясаттан зардап шеккен азаматтардың әскери мансабын қайта тіктеу үшін бар күшімізді салудамыз, - деді Пит Хегсет.
Айта кетейік, биыл 27 қаңтарда АҚШ президенті Дональд Трамп COVID-19 вакцинациясынан бас тартқандарды қайта қызметке қабылдау туралы жарлыққа қол қойған болатын.
Бұған дейін АҚШ Қорғаныс министрлігі Шығыс Еуропадағы 6 000-ға жуық америкалық сарбаздың жоспарлы ротациясы осы жазда өтетінін мәлімдеген еді.