АҚШ-та дүлей дауылдан қаза тапқандар саны артып жатыр

Фото: Фото: Doral Chenoweth / USA Today

АСТАНА. KAZINFORM - АҚШ-та торнадо салдарынан кем дегенде 31 адам қаза тапты, деп хабарлайды Kazinform ВВС-ге сілтеме жасап.

Дауыл жұма күні АҚШ-тың батысы мен оңтүстік-шығысында болды. Билік бірнеше штатта төтенше жағдай жариялады. 

Құрбандардың көпшілігі Миссуриде тіркеліп отыр: 12 адам сол аймақта қайтыс болды. Канзас штатында 8 адам қатты шаңды дауыл салдарынан болған ірі апаттың құрбанына айналды. 

Арканзаста үш адам қаза тауып, тағы 32 адам жарақат алды. Миссисипиде 4 адам, Техаста 4 адам, Оклахомада 1 адам көз жұмды. 

Ұлттық ауа райы қызметіне қарасты күн райын болжау орталығының мәліметінше, қазір ең үлкен қауіп оңтүстік штаттарға төніп тұр. Торнадо таяу сағаттарда батыс Флорида мен Джорджияға жетеді деп күтілуде. Метеорологтардың хабарлауынша, торнадо қарқындылығы азайып келеді, бірақ кейбір штаттар үшін қауіп әлі сейілген жоқ. 

Еске сала кетейік, бұған дейін АҚШ әуежайында American Airlines жолаушылар ұшағы өртеніп кеткенін жазған едік.