АҚШ-та екпе салынбаған балалар саны жаңа рекордтық көрсеткішке жетті

АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ-та балаларына екпе салдырмауды шешкен ата-аналар саны артты, деп хабарлайды NBC News. https://www.nbcnews.com/health/health-news/vaccine-exemptions-personal-religious-measles-cdc-rcna592960

Фото: unicefusa.org

Ауруларды бақылау және алдын алу орталығының мәліметінше, 2025-2026 оқу жылында балабақша оқушыларының 4,2%-ына, яғни шамамен 155 мың балаға екпе салдыртудан бас тартудың кем дегенде бір себебі болған. Бұл алдыңғы оқу жылындағы 3,6% көрсеткіштен жоғары болып отыр. 

Мұндай негіздемелердің басым көпшілігі «медициналық емес» сипатта болды, яғни ата-аналары немесе қамқоршылары вакциналаудан денсаулыққа байланысты емес, жеке немесе діни себептермен бас тартқан. Медициналық ерекшеліктер үлесі өзгеріссіз қалды – 0,2%. 
АҚШ-тың Ауруларды бақылау және алдын алу орталықтарының мәліметінше, вакциналаудан босату оқиғаларының саны 41 штатта және Колумбия округінде артты.

Биыл елдегі қызылша ауруына шалдығу саны 35 жылдағы ең жоғары көрсеткішке жетті. Дүйсенбідегі жағдай бойынша, тек 2026 жылы елде ауру жұқтырудың 2566 жағдайы тіркелді. Бұл ретте Огайо, Пенсильвания және Юта штаттарында аурудың таралуы жалғасып жатыр. 
Вирустың таралуының жалғасуы елдің 2000 жылы қызылшаны жеңе алған ел ретіндегі мәртебесіне қауіп төндірді.

MMR вакцинасының екі дозасы қызылшадан әдетте өмір бойына 97 пайыз қорғауды қамтамасыз етеді. АҚШ-тың Ауруларды бақылау және алдын алу орталықтарының мәліметінше, өткен жылы балабақшаға барып жүрген шамамен 280 мың бала қызылша мен қызамыққа қарсы екпе алмаған. Биылғы жылы қызылшамен ауырғандардың барлығы дерлік, шамамен 93%-ына вакцина салынбады. 

Осыған дейін Трамп балаларды вакцинациялау ұсынысын өзгерту туралы жарлыққа қол қойғанын жаздық.