АҚШ-та ел азаматы жоғалды: ҚР СІМ іздестіруге қатысты түсінік берді

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі ел азаматының АҚШ-та жоғалып кеткені туралы ақпаратқа түсініктеме берді.

Коллаж: Kazinform/ИИ

Ведомствоның хабарлауынша, қазақстандық дипломаттар АҚШ-тың құзырлы органдарымен байланысқа шығып, оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр.

— ҚР Сыртқы істер министрлігі Чикагода Қазақстан азаматы А.Құралбайдың жоғалып кеткені жөнінде хабардар. Нью-Йорктегі Бас консулдық оның туыстарымен тығыз байланыста. Бұл жағдай Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің бақылауында, деп аталып өткен министрлік ақпаратында.

Айта кетейік, бұған дейін АҚШ-та қазақ азаматы із-түзсіз жоғалып кеткенін жазған едік. Ол барлық құжаты мен ақшасын үйіне қалдырып кеткен.

Асет Құралбай АҚШ-та, Иллинойс штатындағы Чикаго маңында (Ford Heights ауданында) тұрып келген. Ол соңғы рет 2026 жылғы 2 маусымда байланысқа шыққан. 7 маусымнан бастап оның телефоны өшірулі.