Трамп әкімшілігі шет мемлекеттер мен ұйымдар бұл жабдықтардың осал тұстарын өз мүддесіне пайдалануы, мәселен кибершабуыл мен диверсия жасауы, жүйеге қашықтан қол жеткізуі және энергия жеткізілімінің бұзылуы мүмкін деп есептейді. Электр энергиясына сұраныстың артуы мұндай қауіптердің ықтимал әсерін күшейте түседі. Әсіресе бұл жоғары технологиялық өндіріс, деректер орталықтары, жасанды интеллект және қорғаныс өнеркәсібі үшін маңызды.
Жарлыққа сәйкес, магистральды энергожүйелерге арналған шетелдік электр жабдықтарына қатысты бірқатар мәмілеге тыйым салынады. Бұл шектеу диверсияға, жеткізілімдердің бұзылуына, рұқсатсыз қол жеткізуге әкелуі немесе АҚШ-тың аса маңызды инфрақұрылымы мен экономикасына елеулі зиян келтіруі мүмкін мәмілелерге қатысты. Бұл шектеулер аталған жабдықтың бағдарламалық жасақтамасы мен микробағдарламаларын да қамтиды. Сондай-ақ цифрлық қызметтерді көрсетуге, техникалық қызметке және қашықтан қол жеткізуге де тыйым салынды.
Энергетика министріне елде бұрын орнатылған шетелдік жабдықтарды бақылау өкілеттігі беріледі. Қауіп төндіретін нысандар анықталған жағдайда олар оқшауланып, ажыратылуы немесе ауыстырылуы ықтимал. Жабдықтардың жай-күйі де тұрақты бақылауда болады. Бұл ретте энергиямен жабдықтаудың тұрақтылығы мен балама нұсқалар ескеріледі. Сонымен қатар қауіпсіз құрылғылар мен сенімді жеткізушілерді алдын ала мақұлдау талаптары белгіленеді.
Жарлықты іске асыру ережелері 120 күн ішінде әзірленіп, ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіруі мүмкін жабдықтар мен жеткізушілердің тізімі жасалады. Ал 180 күн ішінде Энергетика министрі федералдық сатып алу ережелерін қайта қарау жөнінде ұсыныс енгізуге тиіс. Бұл ретте ұлттық қауіпсіздік қатерлері ескеріліп, америкалық өндірістегі энергетикалық инфрақұрылымға басымдық беріледі.
Құжатта магистральды энергожүйе, шетелдік жабдықтар мен тиісті ұйымдарға қатысты негізгі ұғымдар айқындалған. Бұдан бөлек, оның орындалу барысы туралы Конгреске тұрақты түрде есеп беру міндеті белгіленген.
Бұған дейін АҚШ-тың су жүйелеріне хакерлік шабуыл жасалғаны хабарланған болатын.
Ақзат Жиеналина