АҚШ-та ер адам саябақтан 7-каратты алмаз тауып алды

АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ-тың Арканзас штатындағы Пайк округінде орналасқан «Кратер Даймондс» мемлекеттік саябағынан ер адам жалпы салмағы жеті караттан асатын бағалы тас тауып алды.

Фото: pixabay.com

Fox News хабарлауынша, Париж тұрғыны Жюльен Навас Америкада жүргенінде «Арканзас алмаз кратері» мемлекеттік саябағы туралы естіп қатты қызықты. Ер адамның бұл қызығушылығы бұрын алтын және тасқа айналған аммонит іздеумен айналысқанымен байланысты болды.

Ж.Навас саябақта алмаз іздеуге арналған жиынтық сатып алып, бағалы тастарды іздеуге кірісті. Бірнеше сағаттан соң ол тапқан заттарын саябақтың алмаздарды іздеу орталығына әкеліп, соның арасынан салмағы 7,46 карат қоңыр алмаз анықталды.

Ж.Навастың саябаққа келуінен бірнеше күн бұрын онда қатты жаңбыр жауды. Ол топырақтың бір бөлігін шайып жіберіп, жер бетінде ауыр тастар, минералдар мен алмаздардың көрінуіне себеп болды.

Ж.Навас бұл тасты қалыңдығы Кариннің құрметіне атады. Ол тасты екі бриллиантқа қырлап мәнерлеуді жоспарлап, бірін қалыңдығына, екіншісін қызына сыйға тартпақ.