АҚШ-та Евней Бөкетовтің 100 жылдығы аталып өтті

Фото: Рүстем Қожыбаев / Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ-тағы ғылыми-зерттеу оқу орны - Джордж Вашингтон университетінде танымал академик Евней Бөкетовтің 100 жылдығына орай семинар өтті.

Семинарды ашқан бизнес мектебінің деканы Ванесса Перри атақты академик Евней Бөкетов ғалым және ұстаз екенін, оның қосқан үлесі қазіргі кезде де жастарды ынталандырып келе жатқанын айтты.

Фото: Рүстем Қожыбаев / Kazinform

- Ол Қазақстандағы жоғары білімді дамытудағы басты тұлғалардың бірі болды. Оның жұмысы қазақстандық ғылыми қауымдастықты әлемдік аренаға шығарып, басқа елдермен және институттармен байланысты нығайтуға көмектесті. Ол 100-ден астам ғылыми еңбектің авторы және өзінің жетістіктерімен өнеркәсіптік прогреске үлес қосты. Сондықтан бүгінгі семинарға қатысып отырғаныма қуаныштымын. Өйткені Джордж Вашингтон бизнес мектебінде біз білім берудің, зерттеудің және тәлімгерліктің нәтижелі өзгерісіне ерекше мән береміз», - деді Ванесса Перри.

Экономика ғылымының кандидаты, Karaganda Buketov University профессоры Азамат Дүйсембаев осы жиынға келгендерге Евней Бөкетов мұрасы мен ғылыми жетістіктері туралы айтып берді.

Фото: Рүстем Қожыбаев / Kazinform

- Евней Бөкетов Қарағанды ​​химия-металлургия институтында 12 жыл жұмыс істеген уақытында (1960-1972 ж.ж.) жеке тұлға ретінде танылып қана қоймай, қазақстандық ғылымның беделін айтарлықтай көтерді. Институтта түрлі-түсті және сирек металдар жөніндегі ғылыми-зерттеу зертханасы құрылып, қазақ ғылымы үшін маңызды кезең болды. Ғалым басқарған зертхана молибден, вольфрам, селен және теллур бойынша зерттеулер жүргізді. Ғылыми зерттеулерге қосқан үлесі үшін 1965 жылы КСРО-ның авторлық куәлігімен, 1969 жылы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығымен марапатталды, - дейді профессор.

Азамат Дүйсембаев ғалым Евней Бөкетовтің ашқан жаңалықтарына тоқталды. Оның зерттеуі нәтижесінде бос тау жыныстарынан мыс оксидін өндіру мүмкін болды. Бұл тұрғыда жарамсыз тау жыныстарынан жоғары сапалы шикізат алуға және соның нәтижесінде табиғи ресурстарды сақтауға жағдай жасалды.

- Бұл өнертабыс Евней Бөкетовті бүкіл әлемге танымал етті. 1966 жылы докторлық диссертациясын сәтті қорғап, 1967 жылы профессор ғылыми атағы берілді. 1970 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясының мүшесі, ал 5 жылдан кейін академик болды, - деді ол.

Профессор сондай-ақ Евней Бөкетовтің жан-жақты дамыған адам екенін айтты. Ол Сергей Есениннің «Анна Снегина» поэмасын және Владимир Маяковскийдің өлеңдерін қазақ тіліне аударған, сонымен қатар көркем шығармалар жинағын басып шығарған.

Техника ғылымының докторы, профессор Нұралы Бектұрғанов белгілі қазақстандық ғалымның жетекшілігімен болған алғашқы жұмысы сирек металдарды іздеуге арналғанын атап өтті.

Фото: Рүстем Қожыбаев / Kazinform

– Сол кезде Евней Бөкетов сирек элементтерге болашақта жоғары сұраныс болатынын білген. Ол пайдалы қазбалар кен орындарында ілеспе рений өндіру бойынша, оның ішінде Павлодарда алюминий қазу кезінде жанама өнім ретінде сирек металл галлий өндіру бойынша көп жұмыс атқарды», - деді ол.

Еске салсақ, 23 наурызда химик-металлург, ғалым, қоғам қайраткері Евней Бөкетовтің туғанына 100 жыл толғанын жазған едік.