АҚШ-та фестивальде тігілген қазақ киіз үйі құмды дауылға төтеп берді
АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ-тың Невада штатындағы Блэк-Рок шөлінде өткен Burning Man фестивалі кезінде қатты құмды дауыл соқты. Бұл туралы Kazinform агенттігі Travel And Tour World басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Алғашқы күні-ақ Блэк-Рок шөлінде құмды дауыл соғып, фестивальдің өтуіне айтарлықтай кедергі келтірді. Сағатына 80 шақырымға дейін жеткен қатты жел бірнеше маңызды арт-инсталляцияны қиратып, қатысушылар мен ұйымдастырушыларға қиын жағдай туғызды. Кем дегенде төрт адам жеңіл жарақат алды. Бірқатар кемпинг қирап, фестивальге қатысушылардың дені баспана іздеуге немесе жабдығын жедел жөндеуге тура келді.
Әлемдегі ең ірі өнер мен өзін-өзі көрсету фестивалінде биыл алғаш рет қазақстандық делегация ұлттық киіз үйді таныстырды. Ол қатты құмды дауылға төтеп берді.
Бұл туралы жеке парақшасында киіз үйді Burning Man-де орнатқан топтың мүшесі Сабина Омар хабарлады.
— Біз қазақ киіз үйіне тығылдық, ең дұрыс шешім болды. Сыртта алай-дүлей болып жатқанда, киіз үйдің ішінде қауіпсіз болды. Таңқаларлығы, мәдениетіміздің символы қазақ киіз үйі Америка шөлінің қақ ортасындағы құмды дауылда қорған болғаны, — деп жазды ол.
Қиындықтарға қарамастан, іс-шара келесі күні қайта жалғасты. Синоптиктер қатысушыларды найзағай мен шағын тасқын болуы мүмкін екенін ескертті.
Құмды дауыл тудырған қиындықтарға қарамастан, Burning Man 2025 өткен жылдармен салыстырғанда қатысушылар санының айтарлықтай өскенін көрсетті. Соңғы мәліметке сәйкес, фестивальге шамамен 72 мың адам келген, бұл өткен жылғы 70 мыңнан артық.
Burning Man — жыл сайын АҚШ-тың Невада штатындағы Блэк-Рок шөлінде өткізілетін сегіз күндік фестиваль. Онда қатысушылар уақытша қала тұрғызып, оны өнермен, шығармашылықпен және өзіндік ерекшелігімен толтырады.
Биыл фестиваль 1 қыркүйекке дейін жалғасады.
Айта кетсек, дүниежүзілік EXPO-2025 көрмесіндегі 10 тамыз күні Осака қаласындағы басты символ — киіз үй болды. Бұл көшпелі халықтың баспанасы, отбасы және тұрмыс-тіршілігінің бейнесі.