АҚШ-та Хиросимаға бомба тастаған ұшақтың соңғы экипаж мүшесі қаза тапты

АСТАНА. ҚазАқпарат – 1945 жылы Хиросимаға атом бомбасын тастаған В-29 'Энола Гэй' бомбалаушысының соңғы экипаж мүшесі Теодор Ван Кирк АҚШ-та 93 жасында өмірден озды.

Ван Кирктің ұлы хабарлағандай, ол 28 шілдеде Стоун-Маунтин қаласында (Джорджия штаты) көз жұмды.

Теодор Ван Кирк "Энола Гэй" штурман ы болған. Хиросимаға бомба тастағанда 24 жастағы ұшқыш сол кезге дейін 58 мәрте әскери мақсатта ұшып үлгерген.

АҚШ авиациясы 1945 жылы 6 тамызда таң ата Жапонияның Хиросима қаласына атом бомбасын тастады. Жарылыс салдарынан 70 мыңнан 100 мың адамға дейін қаза тапты. Жапа шеккендердің жалпы саны 140 мыңнан асты.

Бомбалаушы ұшақ бүгінде Вашингтон маңындағы Авиация және ғарыш ұлттық мұражайында тұр.