Стефани Рестепо есімді христан дінінің өкілі аяқ киімін шешіп, үстіне шариғат шартына сай киініп, «ән-Нұр» мешітінде мұсылмандармен қатар сап түзеп, намазға қатысты. Ол осылайша мұсылман қауымының кешкі құлшылығына қатысып, өнегелі өмірдің шынайы үлгісін көргендей сезінді, деп жазады "Нұр Астана" мешітінің ресми порталы.
Мешіт қонақтары намаз сүрелері мен ережелерін білмесе де, жиылған мұсылмандармен қатар бірге Аллаға мойынсұнып, рукуғқа иіліп, сәждеге бас ұрды. «Мен мұсылмандардың жан-дүниесіне ішкі жағынан үңіліп, жақынырақ біліп, сезінгім келді» дейді өз әсерімен бөліскен Стефани намаздан кейін. Стефанимен бірге ондаған мұсылман емес өзге де адамдар шам намазы мен ауызашарға келді. Олардың кейбірі жамағатпен намазға тұрса, енді бірі ауызашар дастарханына отырды. Алайда, келген қонақтардың барлығы да ризашылықтарын білдірген. Айта кету керек, Оңтүстік Флориданың Мұсылман ұйымы Коалициясы осындай шараларды жыл сайын әр Рамазанда ұйымдастырып келеді.