АҚШ-та қар көшкіні жүріп, 4 адам мерт болды

НЬЮ-ЙОРК. ҚазАқпарат – АҚШ-тың Юта штаты Солт-Лейк-Сити қаласына жақын маңда сенбі күні қар көшкіні жүріп, төрт адам мерт болды, төрт адам аман қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат CNN-ге сілтеме жасап.

Жергілікті полиция өкілі Меоди Катлердің сөзінше, қар көшкіні жүріп, бірнеше адамның қар құрсауында қалғаны туралы хабар Солт-Лейк-Сити қаласының біріккен полиция басқармасына сенбі күні таңертең 11:40 шамасында түскен.

Катлердің айтуынша, үш адам және бес адамнан құралған шаңғышылардың екі тобы тауда бір уақытта шаңғы тебе бастаған. Билік өкілдері қар көшкініне топтасып сырғанау себеп болды деп есептейді.

«Шаңғышылардың төртеуі сыртқа шығып, аман қалған, тағы төртеуі көшкін астында қалған. Олардың жасы 20-30 аралығында», - деді Катлер.

Катлер көшкін жүрген аймақ шаңғышылар арасында өте танымал екенін және соңғы уақытта ол жерде көшкін жүру қаупі өте жоғары болғанын атап өтті.

Қайғылы оқиға орны Солт-Лейк-Сити қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 20 миля жерде, Милл-Крик каньонына жақын жерде орналасқан.

Айта кеткен жөн, Юта штатының көшкінді бақылайтын арнайы орталығы сенбі күні таңертең Twitter-де көшкін жүру қаупі бар ауа райы туралы ескерту жасаған.

Юта штатының губернаторы Спенсер Кокс шаңғышылармен болған оқиғаны «ауыр қайғы» деп атады. «Біз құтқару жұмыстарына қатысқан жедел әрекет ету қызметіне және басқа да тұлғаларға алғыс айтамыз. Қазір көшкін жүру қаупі өте жоғары болғандықтан, абай болуларыңызды сұраймын», - деп жазды Кокс Twitter парақшасына.

Солт-Лейк-Сити қаласының мэрі Дженни Уилсон да қайғырып отырғанын жеткізді.