АҚШ-та қаскүнем баскетбол алаңына жиналғандарға оқ жаудырған

АСТАНА. ҚазАқпарат - АҚШ-та Нью-Джерси штатындағы Джерси-сити қаласында белгісіз біреу көпшілік жиналған жерде адамдарға оқ атқан. Полицияның хабарлауынша, оқиғада төрт адам (екеуі он бес жастағы жасөспірім) жараланған. Олардың біреуі ауыр халде.

«NJ.com» порталы хабарлағандай, оқиға 21 маусым күні кешкі тоғыз шамасында «Мерсер» саябағындағы баскетбол алаңдарының бірінде өткен кеш барысында орын алған. Атыстан кейін қаскүнем шағын автобуспен қашып кеткен. Көлікке іздеу жарияланды. Еске салсақ, АҚШ-та соңғы екі күнде адам көп жүретін орында қару қолдану үшінші рет тіркелді. Таяуда мұндай оқиға Детройт қаласында тіркелді. Онда белгісіз біреу баскетбол алаңында тоғыз адамды жаралап, бір адамды мерт қылды. Филадельфияда да қылмыскер саябақта демалып жүрген жеті адамға оқ атқан. Бұдан бірнеше күн бұрын жас жігіт Чарльстон шіркеуіндегілерді атып, қаскүнем қолынан тоғыз ажал құшты.