АҚШ-та қазақ киносының апталығы өтіп жатыр

Фото: Фото: Рүстем Қожыбаев/Kazinform

Қазақстаннң республика күніне орай бірінші Орталық Азия кинофестивалі (Central Asian Film Festival) аясында АҚШ-та Қазақстан киносының апталығы өтіп жатыр, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.

Америкалық көрерменге «Оққағар» және «Маша мен Дударай» атты үздік қазақстандық фильмдер ұсынылады. Басты рөлдерді қазақстандық актерлер Тәуекел Мүсілім, Ерік Хамидуллаев, Рүстем Әлмағамбетов, Олжас Әлжанов, Бауыржан Сатов және Айбек Серікхановтар сомдаған. 

Фильмдердің тұсаукесері және актерлермен кездесу Вашингтонның орталығындағы Дүниежүзілік банк ғимаратында өтті.

Қазақстан Республикасының АҚШ-тағы Елшісі Ержан Ашықбаев Вашингтондағы маңызды мәдени шараға қатысу ол үшін үлкен қуаныш және құрмет екенін атап өтті.

Ұйымдастырушылар мен актерлерге АҚШ-тағы қазақ киносының тұсаукесері үшін алғысын білдіріп, жақын арада қазақстандық кино жұлдыздарын Голливудта көру тілегін білдірді.

Сондай-ақ, Елші бірнеше ай бұрын Вашингтонда «Паралимпиадашы» фильмі көрсетілгенін және Джордж Вашингтон университетінің қазақ киносы бойынша америкалық сарапшысы Питер Роллбергтің «1925-1991 жылдардағы Кеңестік Қазақстан кинематографы» туралы кітабы таныстырылғанын еске салды, ол жақын арада тәуелсіз Қазақстандағы киноның дамуы туралы екінші кітабын шығаруды жоспарлап отыр және бұл шара біздің кинематография тарихын толықтыратын елеулі оқиға болуға тиіс.

Фото: Рустем Қожыбаев/Kazinform

Шақырылған маңызды қонақтардың бірі Дүниежүзілік банктің атқарушы директоры Доминик Фавре болды, ол сұхбатында қазақ фильмдерінің тұсаукесеріне қатысқанына қуанышты екенін айтты.

— Мен қазақстандық кино өнері жұлдыздарының ынта-жігеріне, оның мәдени әртүрлілігіне таңданғаным сонша, оның киноиндустриясы өте табысты болатынына сенімдімін, сондықтан фильмдерін осы жерден көру мүмкіндігін асыға күтемін, - деді Д.Фавре.

Шараны ұйымдастырушылар Орталық Азия кинофестивалі мен Қазақ киносының апталығы туралы толығырақ айтып берді.

Жаһандық музыкалық серіктестіктің бизнес-директоры Рүстем Оразалы биыл Орталық Азия кинофестивалі басталғанын, оның аясында қазақ киносының апталығы өтіп жатқанын атап өтті. Отандық фильмдерді қазақстандық Tiger Films кинокомпаниясы ұсынды.

Қазақстан Республикасы күніне орай мұндай шара алғаш рет өткізіліп отыр. 26 қазанда «Қазақтар келімсектерге қарсы» фильмінің онлайн көрсетілімі басталды, 27 қазанда «Оққағар» фильмінің премьерасы өтті, «Маша мен Дударай» фильмдері де америкалық көрермендерге ұсынылады.

Фото: Рүстем Қожыбаев/Kazinform

Р.Оразалы Жаһандық музыкалық серіктестік алдағы уақытта Америка мен Қазақстан, сондай-ақ Орталық Азия киносы арасындағы қарым-қатынасты одан әрі дамыта беретінін айтты.

«Солтүстік Американың қазақстандық мәдени-іскерлік қауымдастығының» («Kazakhstan Cultural-Business Association of North America») президенті Айнұр Нұркина Роджерс қауымдастық мақсатының бірі - АҚШ-та және жалпы әлемде қазақ мәдениетін ілгерілету екенін айтты.

Ұйым Қазақстан мен Америка арасында көпір құруға, мемлекеттік немесе дипломатиялық деңгейде ғана емес, жеке деңгейде де байланыс орнатуға бағытталған.

Қауымдастық сонымен қатар АҚШ-тағы қолөнершілерге, өнер адамдарына және басқа да әлеуметтік жобаларға көмек көрсетеді. Жоспарда Америка мен Қазақстанның медицина қызметкерлерінің тәжірибе алмасуын жолға қою, сондай-ақ ерекше мұқтаж балаларға көмек көрсету бар.

Фото: Photo: Рүстем Қожыбаев/Kazinform

Соңғы үш жылда 30-дан астам фильм түсірілді, олардың көпшілігі халықаралық кинофестивальдерде жүлде алып, Қазақстанды шетелде мақтанышпен таныстырады. Келер жылы 20-дан астам фильм түсіру және «Еңлік-Кебек» және «Қыз Жібек» тарихи фильмдерін дайындау бойынша екі ірі жоба жоспарлануда.

АҚШ-тағы қазақстандық кино апталығы америкалық жұртшылықты Қазақстан киноиндустриясы жұмысының нәтижелерімен таныстырып қана қоймай, екі мәдениетті — Солтүстік Америка мен Орталық Азияны өзара байланыстыруға бағытталған алғашқы және ірі мәдени іс-шара.

Ұйымдастырушылардың ойынша, алдағы уақытта фестиваль Америкада да, Қазақстан мен Орталық Азияда да бірқатар маңызды жобаларды іске қосады.