Бұл туралы бүгін елордада өткен баспасөз мәслихаты барысында ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Ілияс Омаров мәлім етті.
І. Омаровтың айтуынша, ағымдағы жылғы қыркүйектің 2-де аталмыш іс бойынша бірінші тыңдау өткен және айып тағылып отырған Қазақстан азаматы құны 1,5 мың АҚШ доллары болатын қаржыны кепілдікке беріп, әзірге босатылған. Енді ол қыркүйектің 30-ы күні болатын істің келесі тыңдауын күтетін болады.
Бұдан бұрын хабарлағанымыздай Ж.Бақытбекұлы АҚШ-та 11 жастағы екі қыз балаға жөнсіз тиісті деген айыппен тұтқындалған болатын. ҚР Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, 20 жастағы Жандос Бақытбекұлы Нью-Йорк штатының Лейк Джордж қаласында Magic Forest (Сиқырлы орман) аттракционында ұсталған. «Аталған азамат шамамен 1,5 ай бұрын Work and Travel интернет-бағдарламасы желісі бойынша АҚШ-қа аттанған. Қазіргі уақытта бұл мәселе Нью-Йорктегі бас консулдықтың бақылауына алынды. Ұсталған азамат кінәсінің бір бөлігін мойындады, енді келесі тыңдауды күтеміз», деген болатын ҚР СІМ баспасөз хатшысы қыркүйектің 1-гі брифингте.