АҚШ-та лаңкестік әрекетке байланысты бірнеше адам ұсталды

None
АСТАНА. Мамырдың 5-і. ҚазАқпарат - АҚШ-та жүзеге асырылмай қалған лаңкестік әрекетке қатысы бар деген күдікпен сейсенбі күні Карачиде бірнеше адам ұсталды, олар дүйсенбі күні тұтқындалған бас күдікті Файсал Шахзадтың жақын туыстары.

Британдық телеарналардың хабарлауынша, бұл туралы Пәкістанның қауіпсіздік қызметінің өкілі мәлім етті.

Ал шыққан тегі пәкістандық болып табылатын және Коннектикут штатында Бриджпорт қаласында тұратын американ азаматы 30 жастағы Шахзадтың өзі, құқық қорғау органдарының дерегі бойынша, жақында 5 ай Пәкістанда болып келген. Пәкістанның Кашмир бөлігінде туып өскен ол, Пәкістанның солтүстік-батысындағы Кохут қаласында содырлар лагерінінің бірінде дайындықтан өткен. Аталмыш аумақ аймақтағы пәкістандық тәлібтердің жетекшілерінің бірі Тарик Афридидің бақылауында.

Полиция қолдан жасалған бомба қойылған көлікті залалсыздандырғаннан бірнеше сағаттан кейін, «Пәкістандық Талибан» тобы Интернетте мәлімдеме жасап, Нью-Йоркта жүзеге аспай қалған лаңкестік үшін жауапкершілікті өз мойнына алды. Олар Таймс-скверде жарылмай қалған бомбаны өз жетекшілерінің қазасы үшін кек алу мақсатында қойылғанын мәлім еткен.

Ал Федералдық тексеру бюросы мен Пәкістанның қауіпсіздік күштерінің өкілдері Таймс-сквердегі оқиғаға «Пәкістандық Талибанның» қатысы туралы ақпаратты теріске шығарып отыр.

АҚШ Бас прокуроры Эрик Холдердің айтуынша, Шахзад Дубайға аттанғалы тұрған ұшаққа мінбек болған жерінде Кеннеди атындағы Нью-Йорк әуежайында тұтқындалған.