АҚШ-та Мейірім Нұрсұлтановтың кәсіпқой бокстағы алғашқы жекпе-жегі өтеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мейірім Нұрсұлтановтың кәсіпқой бокстағы дебюттік жекпе-жегі 19 қараша күні (Астана уақытымен 20 қараша) АҚШ-тың Невада штаты Лас Вегас қаласында «T-Mobile Arena»-да өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат dodasport.kz-қа сілтеме жасап.

Ковалев-Уорд бокс кешінің шымылдығын Мейірім Нұрсұлтанов ашпақ. 

Әуесқой рингпен қатар «Астана Арландары» сапында ел намысын қорғап жүрген боксшымыз кәсіпқой рингтегі алғашқы кездесуінде америкалық Монреко Голдстонмен (5-0-1, 3КО) жұдырықтасады. 
Төрт раундқа жоспарланған бұл кездесуді Нұрсұлтанов 160 фунт яғни 72,6 келі салмақ дәрежесінде өткізеді.

Бокс кеші HBO PPV (ақылы) түрінде таратылады, бірақ отандасымыздың кездесуі тікелей эфирде өтуі жайлы ақпарат жоқ.

«Astana Arlans» клубы сапында 2013 жылдан бері жұдырықтасып келе жатқан Мейірім өзін сан қырынан танытты. Талай қауқарлы қарсыластарын қапы қалдырып, командасына маңызды ұпай сыйлады. Дегенмен ұлттық команданың негізгі құрамына көп іліге алған жоқ. Өйткені, 75 келіге дейінгі салмақта Жәнібек Әлімханұлы бар. Мейірім Нұрсұлтанов - еңбекқор, намысқой боксшы. Бүгінде Мейірім қазақстандық кәсіпқой боксшылар Мадияр Әшкеев және Асxат Уәлиxановпен бірге "Main Event" промоутерлігінде жаттығып жүр.

Мейірім Нұрсұлтановтың АҚШ-тағы қарсыласына келсек, 26 жастағы америкалық боксшы кәсіпқой рингке алғаш рет 2013 жылдың 13 мамыр күні көтерілді. Осы кезге дейін 158 бен 171 фунт салмақтары арасында кездесулер өткізген, соңғы қарсыласы Роберт Суинимен (3-3-0) болған кездесуде ұпай саны бойынша тең түсті.