АҚШ-та мұнай қоры артып, қара алтын 1,4 пайызға арзандады

Фото: freepik

АСТАНА. KAZINFORM – Бензинге сұраныстың артуына қарамастан соңғы 2 апта ішінде мұнайдың Brent маркасы барреліне 63,5 долларға дейін арзандады. Бұл жайында Қазақсан қаржыгерлері қауымдастығынан мәлім етті.

- Өткен аптада АҚШ-тың коммерциялық мұнай қоры 5,2 млн баррельге артып, 421,2 млн баррельге дейін жетті, - деп хабарлады Энергетикалық ақпарат басқармасы.

Сарапшылар АҚШ-та мұнай қорының артуы мұнан әлде қайда төмен, шамамен 603 мың баррель болады деп болжаған еді.

Дегенмен бензинге сұраныстың болжамнан жоғары болуы мұнай бағасының мұнан да төмен құлдырауын тежеп отыр. Бензин қоры 4,7 миллион баррельге қысқарып, 206 миллион баррель болды. Ал сарапшылар тек 1,1 миллион баррельге төмендеуін күткен болатын.

Айта кетейік, еліміз 9 айда экспорттаған мұнай көлемі былтырғы 9 аймен салыстырғанда 2,2 млн тоннаға артты. Алайда түскен ақша 3,1 млрд долларға кеміді.