АҚШ-та өлім жазасына кесілген әскери психиатр тікелей эфирде атылады

АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ қорғаныс министрі Пит Хегсет бұрынғы армия майоры Нидал Хасанның өлім жазасын жария түрде көрсетпек, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Вашингтондағы меншікті тілшісі CBS News арнасына сілтеме жасап.

Фото: wikipedia.org

Хасан 2009 жылы Форт-Худ әскери базасында 13 әріптесін өлтіргені үшін өлім жазасына кесілген. Ату жазасы 3 желтоқсанда сағат 13:00-де орындалмақ.

Қорғаныс министрінің айтуынша, бұл хабар мұндай қылмыстардың салдары ауыр болатынын көрсетуге септігін тигізеді. АҚШ-та 1936 жылдан бері көпшілік алдында өлім жазасы орындалмаған.

Бұл бастама Америка қоғамында пікірталасқа себепші болды. Жұрт өлім жазасын көпшілік алдындағы көрініске айналдыру адамгершілікке жата ма деп сұрақ қойып отыр. Техас технология университетінің заң профессоры Джеффри Корн үкім орындау дәстүрі бойынша, өлім жазасының орындалуын қылмыскерден зардап шеккен тараптың туыстары мен БАҚ өкілдері ғана куә болатынын тілге тиек етті. Оның пікірінше, үкімнің орындалуын тікелей эфирде көрсету ескі заманның оқиғаларын еске салады.

Бұрынғы армия психиатры Хасан 2013 жылы 13 адамды атып тастап, 30-дан астам адамды жаралаған. Әскери трибунал оны осы қылмысы үшін өлім жазасына кескен. Ол қылмысын мойындап, ислам көтерілісшілерінен АҚШ күштерінен қорғауға тырысқанын мәлімдеген. АҚШ-та 1961 жылдан беру ату жазасы әскери қызметшіге қатысты орындалмаған. 

Хасанды өлім жазасына кесу туралы шешім жылдар бойы жүргізілген сот ісінен кейін қабылданды. Хасан сотта өзін қорғады, ал 2024 жылы ол Жоғарғы Сотқа құқығы бұзылғанын айтып, істі қайта қарауды сұраған. 2025 жылы Жоғарғы Сот оның апелляциялық шағымын қараудан бас тартты.

Еске сала кетейік, Хасанның өлім жазасын АҚШ президенті Трамп қорғаныс министрі Пит Хегсеттің ұсынысы бойынша мақұлдады.