Ассошиэйтед Пресс агенттігінің хабарлауынша, Джозеф Дженкинс пен Чарльз Уокерді құқық қорғау органдары Пэнхэндл түрмесінен қателесіп босатып жіберген. Жазаларды орындау департаментіне келіп түскен құжаттарда аталған екі адам аса ауыр қылмыс жасамағандары туралы, сондай-ақ олардың қамауда отыру мерзімі 15 жылға дейін қысқартылғандығы жазылған.
Осы құжаттардың негізінде Дженкинс - 27 қыркүйекте, ал Уокер - 8 қазанда босатылған екен.
Әзірге осы жалған құжаттарды даярлаған адам белгісіз. Бостандыққа шыққан екі қылмыскерге қатысты прокурор мен судьяның қолтаңбалары жалған екені анықталды, яғни олардың қолын сырттай ұқсатып жасаған. Ал сотталғандардың құжаттағы саусақ іздері шынайы болып шықты.
Қазіргі кезде аталған факті бойынша тергеу амалдары жүріп жатыр.