Бұл туралы бүгін ҚР Ішкі істер министрлігі Мемлекеттік тіл және ақпарат департаментінің басшысы Нұрділдә Ораз мәлім етті.
Үстіміздегі жылғы 26 тамыздан 5 қыркүйекке дейін Нью-Йорк маңындағы Манхэттен қаласында полицейлер мен өрт сөндірушілердің бүкіләлемдік олимпиадасы өткен болатын. Байрақты бәсекеге әлемнің 70 мемлекетінен келген құқық қорғау органдарының 15 мың қызметкері қатысты. «Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің беделін 5 қызметкер қорғап, 7 медальға - екі алтын, үш күміс және екі қолаға ие болды», - деді ол.
Н.Ораздың атап өтуінше, Алматы қалалық мамандырылған күзет қызметі басқармасының қызметкері, күш құрылымдары арасында бокстан 2009 жылғы әлем чемпионы, полицейлер арасында қоян-қолтық ұрыстан Еуропа жүлдегері, полиция капитаны Абдусанат Шарафов екі алтын медальді еншіледі.
Ал күш құрылымдары арасында әлем және Еуропаның тоғыз дүркін чемпионы атанған ҚР ІІМ Кадр жұмысы департаментінің қызметкері Серік Нұрғалиев күш жаттығуларынан екі күміс медальді жеңіп алды.
Сонымен қатар күш құрылымдары арасында самбодан 2007 жылғы әлем чемпионы, дзюдодан Еуропа жүлдегері, самбодан Азия чемпионы, астаналық жол полициясы қызметкері Талғат Қожабаев күміс медальға ие болды.
Күш құрылымдары арасында бокстан 2009 жылғы әлем чемпионы, Қазақстанның үш дүркін чемпионы, Алматы қаласы ІІД Кадр жұмысы басқармасының инспекторы Алмас Досчанов пен бокстан Қазақстанның 2004, 2005 жылдардағы чемпионы, 2006 жылы Бакуда өткен халықаралық турнирдің және 2005 жылы ҚР Президенті Кубогының жүлдегері, ҚР ІІМ Алматы Академиясының инспекторы полиция аға лейтенанты Сәкен Құсайынов қола медальді иеленді.