АҚШ-та парашютшілер мінген ұшақ апатқа ұшырады

АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ-тың Миссури штатында жеңіл моторлы ұшақ апатқа ұшырап, борттағы 12 адамның барлығы қаза тапты, деп хабарлайды BBC.

Фото: видеодан алынған кадр

Миссури штатының жол полициясының мәліметінше, Pacific Aerospace P750 ұшағы Канзас-Ситидің оңтүстігіндегі Батлер әуежайы маңында ұшып шыққаннан кейін көп ұзамай құлаған.

Ұшақ скайдайвингпен, яғни парашют спортымен айналысатын компания тарапынан жалға алынғаны хабарланды.

Бортта 11 парашютші мен ұшқыш болған.

АҚШ-тың Федералдық авиация басқармасы мұндай рейстер үшін әуе қозғалысын басқару қызметімен байланыс міндетті емес екенін нақтылады. Сондықтан әзірге апаттың нақты себебі белгісіз.

Құтқару қызметтері апат орнының маңындағы аумақтарды тексеріп, ұшақтан секіріп үлгерген парашютшілер болуы мүмкін деген болжамды қарастырған. Алайда тірі қалғандар табылған жоқ.

Еске сала кетсек, бұған дейін Бразилияда екі тікұшақтың әуеде соқтығысқанын жаздық.