АҚШ-та пышақпен келген ұрыны қылышпен қорқытып, қуып шыққан

АСТАНА. ҚазАқпарат - Питтсбург (Пенсильвания штаты) қаласында ұрлық жасауға әрекеттенген баукеспелер күлкілі жағдайға қалды. Бетперде киген екі бұзақы, дүкенді тонамаққа әрекеттенген.

Олардың бірінің қолында жалпақ пышақ болған. Ішке баса-көктей кірген қарақшылар суық қарумен қызметкерлерді қорқытып, ақша талап ете бастайды.

Алайда қашаннан оқыс оқиғаға дайын тұратын сатушы сөреден олардікінен де үлкен қылыш алып, тонаушыларға қарсы ұмтылады. Ашуға мінген ер адам болат қылышпен бұзақылардың артынан қуа жөнеледі, ұрылар дүкеннен зат алмақ түгілі зорға қашып құтылады.

Кейіннен сатушы онда қылыштан басқа, тапанша да болғанын мойындаған.