Референдум: АҚШ-та Қазақстанның 100 жастағы азаматы дауыс берді
АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ-та 15 наурыз күні жаңа Конституция бойынша республикалық референдум басталды.
Референдумда 100 жастағы Қазақстан азаматы дауыс берді, деп хабарлайды Kazinfrom-ның Вашингтондағы меншікті тілшісі.
1925 жылы туған Гринфельд Арнольд Генриховичтің жүріп-тұруы қиын болған соң бюллетень салынатын жәшікті оның тұрғылықты мекенжайына жеткізу қажет болды.
Отандасымыздың Алматы консерваториясы негізін қалаушылардың бірі болғаны және осы оқу орнында 50 жылдан астам еңбек еткені белгілі. Шығармашылық жолында ол көрнекті музыканттармен тығыз жұмыс істеді. Олардың қатарында профессор Евгений Брусиловский мен профессор Иосиф Дубовский бар. Оның ұстаздық шеберлігі бір буын композиторлардың қалыптасуына ықпал етті.
Биыл Арнольд Генрихович Кац халықаралық жас пианистер байқауына кеңесші әрі қазылар алқасының мүшесі ретінде шақырылғаны белгілі болды. Байқау лауреаттарының концерті дәстүрлі түрде Carnegie Hall сахнасында өтеді.
Қазір АҚШ аумағында референдумға дауыс беру үшін үш учаске жұмыс істеп тұр. Олар жергілікті уақыт бойынша таңғы 07:00-ден кешкі 20:00-ге дейін Қазақстанның дипломатиялық өкілдіктері жанында ашық болады.
Алғаш болып №413 учаске Вашингтон қаласындағы Қазақстан Елшілігінде және №414 учаске Нью-Йорк қаласындағы Қазақстанның Бас консулдығында ашылды. Кейін АҚШ астанасымен үш сағаттық уақыт айырмашылығына байланысты №472 учаске Сан-Франциско қаласындағы Қазақстанның Бас консулдығында жұмысын бастады.
Вашингтон қаласындағы Қазақстан Елшілігі жанындағы алғашқы учаскеде АҚШ-тың оңтүстік және оңтүстік-шығыс штаттарында тұратын қазақстандықтар дауыс бере алады.
Нью-Йорктегі Қазақстанның Бас консулдығы жанындағы екінші учаске солтүстік және солтүстік-шығыс штаттардағы азаматтардың дауыс беруін ұйымдастырады.
Ал Сан-Францискодағы Қазақстан Бас консулдығы жанындағы үшінші учаске АҚШ-тың батыс штаттарын қамтып, ел аумағындағы дауыс беру үдерісін қорытындылайды.
Ал елімізде бүгін 116 жастағы кейуана референдумда дауыс берді.