АҚШ-та салат жапырағындағы қауіпті паразит ішек инфекциясының өршуіне себеп болды

АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ-тың санитарлық қызметтері Cyclospora cayetanensis паразитінің жаппай таралуының себебін анықтады. Циклоспориаз қауіпті ішек инфекциясының көзі бірнеше штаттағы Taco Bell мейрамханаларына жеткізілген туралған латук салаты болған, деп хабарлайды ScienceNews .

Фото: nutrionio.com

Індет 1 мамырда басталған. Аурудың белгілері ауыр өтеді: іштің қатты ауруы, тоқтаусыз диарея және әлсіздік байқалады. Қазіргі уақытқа дейін мыңдаған америкалық инфекция жұқтырып, 100-ден астам адам ауруханаға түсті.

Инфекцияның көзі анықталғанымен, оның таралуын әзірге тоқтату мүмкін болмай отыр. Ауру жұқтырғандар саны әлі де көбейіп жатыр. Эпидемиологтар жағдайды бақылауға алуға тырысқанымен, паразиттің биологиялық ерекшеліктері, денсаулық сақтау саласын қаржыландырудың қысқаруы жұмысты қиындатып отыр. Миннесота университетінің Қоғамдық денсаулық сақтау мектебінің профессоры Крейг Хедбергтің айтуынша, АҚШ-та бір ғана көзден тараған мұндай ауқымды індет бірнеше жылдан бері тіркелмеген.

Мичигандағы жағдай күрделі

Індеттен ең көп зардап шеккен штат — Мичиган. Инфекция анықталған 34 штаттың ішінде ең ауыр жағдай осы өңірде тіркелген. 17 шілдедегі мәлімет бойынша мұнда 5 002 адам циклоспориаз жұқтырып, олардың 102-сі ауруханаға жатқызылған.

Екінші орында тұрған Нью-Йорк штатында шілде айының басына дейін 510 жағдай тіркелген. Дәрігерлер мұндай айырмашылықтың нақты себептерін әзірге анықтай алмай отыр. Бұл індеттің ауқымына да, Мичиганда тұрғындардың жиі тексерілуіне де байланысты болуы мүмкін.

Науқастар санының күрт артуы жергілікті денсаулық сақтау жүйесіне айтарлықтай салмақ түсірді. Талдау үлгілерін жинау мен науқастарды сұрастыруды Мичигандағы 45 өңірлік денсаулық сақтау бөлімі жүргізіп жатыр. Барлық сынамалар кейін штаттың Денсаулық сақтау департаментінің (MDHHS) орталық зертханасына жіберіледі.

Ведомствоның геномдық эпидемиологы Хизер Бланкеншиптің айтуынша, әдетте Мичиганда жылына 50-ден аспайтын циклоспориаз жағдайы тіркелетін. Үлгілердің күрт көбеюіне байланысты зертхана штаттың жедел әрекет ету тобын және Ауыл шаруашылығы министрлігінің мамандарын тартуға мәжбүр болды. Қалыпты жағдайда зерттеу үш күнге созылса, қазір зертханалардың шамадан тыс жүктелуіне байланысты мерзім айтарлықтай ұзарған.

Соған қарамастан алғашқы зерттеу нәтижелері инфекцияның көзі жапырақты көкөністер екенін растады. 16 шілдеде АҚШ-тың ауруларды бақылау және алдын алу орталықтары (CDC) мен азық-түлік және дәрі-дәрмек сапасын бақылау басқармасы (FDA) Мичиган, Индиана, Кентукки, Огайо және Батыс Вирджиния штаттарындағы жағдайлардың Taco Bell мейрамханаларында пайдаланылған туралған салат жапырағымен тікелей байланысты екенін мәлімдеді.

Осыдан кейін мейрамханалар желісі аталған өңірлерде латук салатын мәзірден алып тастады. Ал өнімді жеткізуші Taylor Farms компаниясы 17 шілдеде қауіпті партияны кері қайтарып алатынын хабарлады.

Паразитті анықтау неге қиын?

Мамандардың айтуынша, Cyclospora паразитімен күресудің екі негізгі қиындығы бар.

Біріншісі — ұзақ инкубациялық кезең. Ауру белгілері жұқтырылған тағамды тұтынғаннан кейін тек екі аптадан соң пайда болуы мүмкін. Ал кәдімгі тағамнан улану кезінде белгілер бірнеше сағат немесе бірнеше күн ішінде байқалады. Сондықтан адамдар екі апта өткенде нақты қай жерде және қандай тағам жегенін еске түсіре алмайды.

Екінші себеп — паразиттің биологиялық ерекшелігі. Бактериялардан айырмашылығы, оны зертханада Петри табақшасында өсіру мүмкін емес. Талдауға жеткілікті ДНҚ алу үшін көптеген науқастан үлгі жинауға тура келеді. Қазір диагноз 8 арнайы ген арқылы нақтыланады, бірақ бұл жұқтыру тізбегін толық анықтауға жеткіліксіз. Мұндай жағдайда паразиттің толық геномын секвенирлеу тиімді болар еді. Алайда оның ДНҚ көлемі ішек таяқшасына қарағанда тоғыз есе үлкен болғандықтан, бұл өте күрделі әрі ұзақ процесс.

Азық-түлік қауіпсіздігі жүйесіндегі мәселе

Мичиган зертханаларының қызметкерлері күшейтілген режимде жұмыс істеп жатқанына қарамастан, сарапшылар бұл жағдай АҚШ-тағы қоғамдық денсаулық сақтау жүйесіндегі ұзақ жылдан бері қордаланған мәселелерді көрсеткенін айтады.

Джордж Вашингтон университетінің эпидемиологы Барбара Ковальчиктің сөзінше, елдегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бөлінетін қаржы бірнеше жылдан бері іс жүзінде өзгермеген.

Қаржыландырудың жеткіліксіздігі салдарынан 2025 жылы CDC Cyclospora, кампилобактерия, листерия және сальмонелла сияқты қауіпті қоздырғыштарға қатысты эпидемиологиялық бақылау бағдарламаларын қысқартуға мәжбүр болды.

CDC-нің Жұқпалы аурулар орталығының бұрынғы директоры Дэн Джерниган The Washington Post басылымына берген сұхбатында бұл қысқарту қазіргі індетті ауыздықтауға тікелей әсер етпесе де, алдағы уақытта АҚШ жаңа ауқымды эпидемиялық қауіптерді дер кезінде анықтай алмай қалу қаупіне тап болуы мүмкін екенін айтты.

Айта кетейік, биыл Қазақстанда тіркелген жіті ішек инфекциясы жағдайларының 71 пайыздан астамы 14 жасқа дейінгі балалардың үлесіне тиесілі.