АҚШ-та туған балаларға азаматтық беру: сот Трамп жарлығының күшін жойды

АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ федералдық соты Президент Дональд Трамптың ел аумағында дүниеге келген балаларға автоматты түрде азаматтық беру құқығын шектейтін жаңа жарлығының күшіне енуін уақытша тоқтатты, деп хабарлайды Reuters.

Фото: The White House

Мэриленд штатының федералдық судьясы Дебора Бордман мұндай шешімді иммигранттардың құқықтарын қорғаушы ұйымдардың өтініші бойынша қабылдады. Бұған дейін АҚШ Жоғарғы соты Трамптың 2025 жылғы осындай жарлығын Конституцияның 14-түзетуіне қайшы деп таныған еді.

Осы шешімнен кейін Трамп 6 тамызда жаңа жарлыққа қол қойды. Ол ең алдымен баласына АҚШ азаматтығын алу мақсатында елге босану үшін келетін шетелдіктерге бағытталған. Сондай-ақ кейбір басқа санаттағы шетелдік ата-аналардың балаларына азаматтық беруді шектеу көзделген.

Судьяның пікірінше, жаңа жарлық ұжымдық талапқа кіретін балаларға қатысты қолданылған жағдайда Конституцияға қайшы болуы ықтимал, өйткені Жоғарғы сот олардың АҚШ-та туған сәттен бастап азамат екенін бұған дейін анықтаған.

Сот шешімі Мемлекеттік департаментке, Ішкі қауіпсіздік министрлігіне және Әлеуметтік қамсыздандыру басқармасына осы санаттағы балалардың азаматтығын мойындаудан бас тартуға тыйым салады.

АҚШ Әділет министрлігі жаңа жарлықтың бұрынғысына қарағанда аясы тар екенін айтып, сотқа жүгінуге әлі ерте деген уәж келтірген. Алайда судья жарлықтың орындалуын қазірден тоқтату қажет деп шешті.

Еске сала кетсек, бұған дейін де АҚШ Жоғарғы соты туу арқылы азаматтық алу құқығын күшінде қалдырғанын жаздық.

Ал Трамп АҚШ-та туу арқылы азаматтық алу құқығын жойғысы келетінін мәлімдеді.