АҚШ-та тұңғыш мұсылман студенттердің бауырластығы құрылды

АСТАНА. 6 қыркүйек. ҚазАҚпарат - АҚШ-та тарихта алғаш рет мұсылман студенттердің бауырластығы құрылды. Техас университетінің студенттері оны «Әлиф Ләм Мим» деп атаған екен.

The Independent ақпарат көзі хабарлағандай, студенттер бауырластығына қатысты әдеттегі ұғымды былайғы жұрт еріккеннің ермегі, желіккен жастардың көңіл көтеру ортасы, т.б. шатастырып жатады. Тіпті бұл туралы Голливудта талай мәрте фильм де түсірілген болатын.

Десе де, үстіміздегі жылдың ақпан айында Техас штатында осынау жаңсақ ұғымның тамырына балта шабу үшін алғашқы мұсылман студенттердің бауырластығы құрылды. Оның президенті болып Әлі Махмұд есімді студент сайланды.

«Біздің көздегеніміз - бір мақсат жолында қатарымызға мұсылман жастарды тартып, бауырымыздай көру», - деді Әлі Махмұд.

Оның айтуынша, аталмыш бауырластық мүшелері діни құндылықтарды қоғамдық өмірге етене енгізу үшін белсенділік танытады. Сондай-ақ, барлық жат әдеттердің алдын-алу үшін тер төгеді.

Muslim.kz сайтының жазуынша, алайда, олардың бұл қадамын құптамаған мұсылмандар да бар екен. Мәселен, «Корнельдің өзгеше ойлайтын мұсылмандары» деп аталатын ұйым олардың бұл әрекетін қатаң сынға алды.