АҚШ-та Усама бен Ладеннің хаттары жарияланды

АСТАНА. 5 мамыр. ҚазАқпарат - АҚШ-тың арнаулы қызмет орындары, кезінде №1 лаңкес деп атаған және әл-Каеда лаңкестік ұйымының көсемі болған адамның 17 хатын жариялауға рұқсат берді, деп хабарлайды «Хабар» агенттігі.

Осы ретте бен Ладеннің соңғы жылдарда жазған хаттары ерекше назар аудартады. Онда лаңкес әл-Каеда ұйымының күші әлсіреп, құлдырап бара жатқанына өкініш білдіреді. Ол сондай-ақ, әл-Каеда мен оның сыбайлас ұйымдары іске асырған лаңкестік әрекеттерде қаза тапқан бейкүнә мұсылмандардың саны көп болғанын өз басы қолдамайтынын айтқан. Усама бен Ладен бұл жерде әл-Каеданың Ирактағы тармағының әрекеттерін сынға алған және басқалардан олардың қателіктерін қайталамауды өтінген. Бен Ладеннің айтуынша, басты мақсат - кейбір мұсылман елдерінде ұйымның билікке жетуі емес, Батыс елдеріне қарсы күрес болуы тиіс екен. Атышулы лаңкес әл-Каеданың одақтасы саналған ұйымдардың кейбірін, әсіресе сомалилік «аш-Шабаб» ұйымының қатыгездігін сынға алған. Бұл ұйым адамдардың қол-аяғын шауып тастау сияқты жаза түрін қолданады. Усама бен Ладен осыдан 1 жыл 3 күн бұрын Пәкістанда қаза тапқаны белгілі. Сол кезде оның үйін АҚШ-тың арнаулы мақсаттағы әскері шабуылдаған болатын. Кейіннен үйді мұқият тінткен олар бірнеше хаттар мен басқа да әртүрлі құжаттар тауып алды. Енді соның кейбірі жария етіліп отыр.