АҚШ-та ұсталған тағы бір қазақстандық босатылды - СІМ
Бұған дейін Әшірова мен тағы екі қазақстандық әйел алаяқтық іс бойынша ұсталған болатын. Елена Құдайбергенова өзінің денсаулығына байланысты қаладан шықпау туралы қолхатпен босатылды.
«Осылайша, қазіргі уақытта қамауда бір қазақстандық отыр, ол - Азиза Джалолова», - деп түсіндірді Айбек Смадияров.
Еске сала кетсек, Нью-Йорк штатының Оңтүстік округының прокуратурасы алаяқтықпен айналысқан қылмыстық топқа айып таққан еді. Күдіктілер арасында ҚР азаматтары да бар. Аталған істің тергеуін Федералдық тергеу бюросы жүргізіп жатыр.
«2018 жылдың 8 тамызында бірінші сот тыңдалымы өтті. Біздің отандастарымызға қылмыстық ақша жымқыру схемасына қатысы бар деген айып тағылуда. Келесі тыңдалым 2018 жылдың қазан айына белгіленген», - деп хабарлады ҚР СІМ.
Сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, Қазақстанның Нью-Йорк қаласындағы бас консулдығы ұсталған қазақстандықтарға барлық қажетті көмекті көрсетуде және олардың туыстарымен және адвокаттарымен үнемі байланыста.