АҚШ-та жалған долларлар жасады деп айыпталған қазақстандық азаматтарға қатысты сот ісі жалғасуда

НЬЮ-ЙОРК.   Шілденің  22-сі.  ҚазАқпарат /Әлия Алтынғазина/ -  Массачусетс штатының Орлеан      округтік сотында        жалған   доллар ақшаларын жасағандары  және оларды сақтағандары үшін  айыпталып  отырған    қазақстандық екі азаматқа  - Әлібек  Тайлақов  пен    Александр  Кустовскийге    қатысты    қылмыстық  іс бойынша тыңдау    жалғасуда.

Жігіттер   жалдап  тұратын пәтерлерінде  шілденің 10-ында ұсталған  болатын.  Cape Cod Times басылымының    ақпаратына сүйенсек,  тінту кезінде    екі компьютер,   бірнеше  флеш-тасымалдағыш,  бірнеше телефон  мен  айпод  және   принтер табылған.  Полиция   жалпы сомасы 700 АҚШ долларының   қолдан жасалған, бірақ  әлі кесілмеген   20 долларлық және 100  долларлық  ақшаларын   тәркілеген. «Сикрет сервис»  арнайы  қызметі  қазір    жалған долларлардың  таралу фактін   тексеруде.

Сот мәжілісі  басталғанға дейін Әлібек  Тайлақов пен  Александр   Кустовский  әрқайсысы 600   доллар көлеміндегі  кепілдемемен     босатылған.      Оларға  мемлекеттік адвокаттардың  қызметі  ұсынылып  отыр.  Қорғаушылар сотта    жігіттердің Қазақстанға  депортациялануына    қол жеткізбек.

Әлібек  Тайлақов пен  Александр   Кустовский   принтерде басылған     жалған ақшаларды    еш жерде  пайдаланбағандарын  айтып, ақталуда.   Адвокаттардың  пікірінше,   сот    барысы   бірнеше айға созылуы мүмкін  және  сот үкімі    шыққанша,  күдіктілердің   кінәлары  туралы    қандай да  бір   түйін жасауға әлі ертерек.