АҚШ-та жеңіске жеткен Бекман Сойлыбаев қазақстандық БАҚ-қа сұхбат береді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада қазақстандық кәсіпқой боксшы Бекман Сойлыбаевтың екінші жеңіл салмақтағы WBC International чемпиондық белбеуін сәтті қорғауына байланысты баспасөз мәслихаты өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Естеріңізге сала кетейік, 19 қазан күні АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында «Голден бой» промоутерлік орталығымен өткен кәсіпқой бокс кешінде Бекман Сойлыбаев мексикалық Фернандо Варгаспен жұдырықтасып, төрешілердің бірауызды шешімімен жеңіске жетті.

Осылайша, отандасымыз осы жылдың сәуір айында жеңіп алған екінші жеңіл салмақ дәрежесіндегі WBC International чемпиондық белбеуін қорғап қалды.

Сойлыбаев пен Варгас арасындағы жекпе-жек Лас-Вегастың әйгілі Monte Carlo Resort and Casino қонақүйінде өтіп, оны әлемдегі алпауыт агенттіктердің бірі ESPN телеарнасы тікелей эфирден көрсетті.

Жалпы, бүгінде 27 жастағы Бекман Сойлыбаев кәсіпқой шаршы алаңда 12 айқас өткізіп, барлығында жеңіске жеткен. Төрт қарсыласын нокаутпен жеңді. Еншісінде WBC International және WBA NABA чемпиондық белбеулері бар.