Бұл туралы Вирджиния штатының полициясы мәлімдеді.
Жол апаты жергілікті уақыт бойынша сағат 02:35 шамасында болған.
Алдын ала мәліметке сәйкес, жол жөндеу жұмыстарына байланысты тасжолдың оңтүстік бағытындағы қозғалыс баяулаған.
Алайда автобус жүргізушісі жылдамдығын дер кезінде төмендете алмай, алты жеңіл көлікпен соқтығысқан.
Вирджиния штаты полициясының өкілі Мэтт Демлейннің айтуынша, көз жұмған бес адамның барлығы жеңіл көліктерде болған.
Төрт адам, оның ішінде екі бала, бір көлікте отырған.
Тағы бір адам басқа автокөлікте мерт болған.
Құрбан болғандардың жасы 7 мен 45 аралығында.
Оқиға орнына өрт сөндіру және құтқару қызметтері жіберілді.
Құтқару жұмыстарына 13 жедел жәрдем бригадасы, құтқару техникасы және АҚШ жаяу әскерінің Куантико базасындағы төтенше жағдай қызметкерлері тартылды.
Стаффорд округі өрт сөндірушілер кәсіподағының мәліметінше, құтқарушылар көптеген бүлінген көліктерді, зардап шеккендерді және өртеніп жатқан бірнеше автокөлікті көрген.
— Стаффорд округінің екі құтқару тобы көліктерде қысылып қалған адамдарды шығару бойынша ауқымды операция жүргізді. Осы уақытта өрт сөндірушілер жалынды ауыздықтап, оқиға орнындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етті, — делінген кәсіподақ хабарламасында.
Жол апаты салдарынан жалпы саны 44 адам жарақат алған.
Олардың үшеуі ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілді.
E&P Travel компаниясына тиесілі автобус New York City қаласынан Charlotte қаласына бағыт алған.
Автобус ішінде 34 жолаушы болған.
Автобусты басқарған 48 жастағы Цзин С. Донг те жарақат алған.
Тергеушілер жүргізушінің апат алдындағы әрекеттерін тексеріп жатыр.
Полиция өкілдерінің айтуынша, оған айып тағу мәселесі әзірге шешілген жоқ.
Еске салсақ, бұған дейін Алматыда әл-Фараби даңғылындағы резонанс тудырған жол апатына қатысты сот процесі басталғаны хабарланған еді.