Көкшетауда зейнеткерлердің 7,7 миллион теңгесін жымқырған күдікті қолға түсті

Фото: Рolisia.kz

КӨКШЕТАУ. KAZINFORM — Немерелерін аман алып қалуға бел буған облыс орталығындағы екі зейнеткер алаяқтың құрбаны болды.

Ақмола облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, белгісіз біреулер Көкшетау қаласында екі зейнеткерге телефон соғып, немерелерінің жол-көлік оқиғасын жасағанын хабарлаған.

— Алаяқтар жәбірленушілерді алдап, үрейлендіргені соншалық, зейнеткерлер соңғы жинаған ақшасын беруге еш ойланбастан келісім берген. Қарттардың үйіне белгісіз біреу келіп, қолма-қол ақша салынған сөмкелерді алып кеткен. Бірінші жағдайда — 4 100 000 теңге, екіншісінде — 3 600 000 теңге. Артынша күдікті алған қаражатты дроперлердің банктік шоттарына аударып, өзінің жұмысы үшін де ақша алған, — делінген департаменттің ақпаратында.

CiberPol қызметкерлері тергеу операциясы кезінде күдіктінің кім екенін анықтады. 20 жастағы қыз Telegram қосымшасы арқылы осы жұмысты тапқаны белгілі болды. Ол өз іс-әрекетінің салдары туралы ойламаған.

- Қазір қыздың екі алаяқтық фактісіне қатысы бар екені дәлелденді. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, — деп қосты департаменттегілер.

Айта кетейік, полиция алаяқтықтың жаңа түрі туралы ескертті.