Бұл жөнінде Бас прокурор Тодд Бланш мәлімдеп, Диллонға 18 ай бойы атқарған қызметі мен адалдығы үшін алғыс айтты.
Диллон — аралық сайлаудан кейін Трамп әкімшілігінен кеткен президенттің жоғары лауазымды алғашқы жақтасы. Кейбір деректерге қарағанда, оның қызметтен кететіні алдын ала белгілі болған. Бұған Диллон жауапты болған бірқатар сот істеріндегі жеңілістерге президенттің көңілі толмауы себеп болған.
Сондай-ақ Диллон Трампқа оның әкімшілігінде қызмет етуге мүмкіндік бергені үшін алғыс айтты. Оның сөзінше, өзі басқарған ведомство қоғамдағы теңдік пен инклюзияны ілгерілетуге бағытталған бірқатар бастаманың күшін жоюға қол жеткізген. Сондай-ақ әйелдер спортын қорғау бағытында жұмыс істеген.
Диллон басқарған кезеңде басқарма беделді университеттердің қызметіне қатысты тергеу жүргізіп, сайлаушылар тізіміне қол жеткізу мәселесі бойынша сот істеріне қатысты.
Бұдан бөлек Диллон қызмет атқарған кезеңде ведомстводан жүздеген тәжірибелі заңгер кетті. Конгреске ұсынылған мәліметтерге сәйкес, осы жылдың басында басқарма қызметкерлерінің шамамен 75 пайызы жұмыстан шыққан.
Диллон бұл қызметке тағайындалғанға дейін Трамптың жеке адвокаты болды. Ол 2020 жылғы президент сайлауының қорытындысына дау айту әрекеттеріне қатысып, 6 қаңтардағы оқиғаларға байланысты сот процестерінде Трамптың мүддесін қорғаған.
Нәсілдік кемсітушілікке қарсы ұлттық қауымдастықтың бас заң кеңесшісі, Байден әкімшілігі кезінде азаматтық құқықтар жөніндегі бас прокурордың көмекшісі болған Кристен Кларк:
— Ол барлық америкалықтың азаматтық құқықтарын қорғаудың орнына, істерді жауып, қызметкерлерді жұмыстан шығарып, басқарманы заңсыз әрі партиялық мақсаттарға жету құралына айналдырды, — деген болатын.
Бұған дейін АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио қызметінен кететіні туралы қауесетті жоққа шығарғанын жазған едік.