Nature Sustainability журналында жарияланған Гарвард университеті ғалымдарының зерттеуі жасанды интеллектінің деректер орталықтарына тәуелділігін және олардың қоршаған ортаға әсерін айқындайды. Ғалымдар бұл орталықтардың неліктен орасан көп электр энергиясын тұтынатынын түсіндірді.
— Сіз жіберген әрбір электронды хат, жариялаған әрбір фотосуретіңіз, көрген әрбір бағдарламаңыз және генеративті ЖИ-ге жолдаған әрбір сұрағыңыз деректер орталықтары арқылы өтеді. Терезесіз ғимараттарда тәулік бойы жұмыс істейтін ондаған мың компьютер орналасқан. Олар жұмыс істегенде көп жылу бөлінеді. Сондықтан мұндай орталықтарды үздіксіз салқындатып отыру керек. Бұл – бір сәт те тоқтамайтын зауыт іспетті, – деді Гарвард университетінің ғалымы Джанлука Гуиди.
Оның айтуынша, соңғы жылдары АҚШ-тағы ірі деректер орталықтарының саны екі еседен астам өскен. Тағы 2 мыңға жуық нысанның құрылысы жоспарланып жатыр немесе қазір салынып жатыр.
Осыған байланысты Гуиди технологиялық компаниялар мен билік өкілдерін жаңа деректер орталықтарын салу кезінде ашықтықты қамтамасыз етуге шақырды. Сондай-ақ ол құрылыс басталмай тұрып нысандардың қоршаған ортаға әсерін бағалап, жергілікті тұрғындардың пікірін ескерудің маңызын атап өтті.
— Біз жасанды интеллектіні қысқа мерзімде дамыта алатынымызды дәлелдедік. Енді оны дұрыс дамыта алатынымызды да көрсетейік, – деді ол.
Бұған дейін Қазақстанда қуаты 1 ГВт деректер орталықтары алқабы салынатыны хабарланған болатын.