АҚШ-тағы Эльмендорф-Ричардсон әскери базасы туралы не білеміз

АСТАНА.KAZINFORM — Владимир Путин мен Дональд Трамптың кездесуі өтетін Анкоридж қаласындағы Эльмендорф-Ричардсон әскери базасы 2010 жылы құрылған, деп жазды Kazinform агенттігінің тілшісі ТАСС-қа сілтеме жасап.

Фото: U.S. Air Force/Angela Earle

Эльмендорф-Ричардсон — АҚШ Қарулы күштерінің біріктірілген әскери базасы. Ол Анкоридж маңындағы 1940 жылы құрылған Эльмендорф әскери-әуе базасы мен Форт Ричардсон құрлық әскерлері базасының бірігуі арқылы 15 жыл бұрын, яғни 2010 жылы пайда болды.

Қазіргі уақытта бұл базада:

• әуе күштерінің бөлімшелері орналасқан,
• құрлық әскерлері де осы базада қызмет етеді,
• Солтүстік Америка әуе-ғарыштық қорғаныс командованиесінің (NORAD) Аляска аймағындағы штабы,
• және АҚШ Қарулы күштерінің Аляскадағы қолбасшылығы (Солтүстік қолбасшылықтың құрамындағы құрылымдық бөлімше) жұмыс істейді.

Базада 5,5 мыңнан астам әскери қызметші мен азаматтық қызметкерлер еңбек етеді.

Фото: Joint Base Elmendorf-Richardson

Эльмендорф-Ричардсон аумағында:

• оқу және талдау орталықтары,
• инженерлік, логистикалық және медициналық бөлімшелер орналасқан.
• Базаның инфрақұрылымының жалпы құны 12 миллиард доллардан асады.

Қазіргі кезде базада ұшу-қону жолағын ұзарту бойынша құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Бұл жоба 360 миллион долларға бағаланған және оны 2026 жылға қарай аяқтау жоспарланған.

1971 жылы АҚШ-тың 37-президенті Ричард Никсон осы базада Жапония императоры Хирохитоны қарсы алған.

Фото: Joint Base Elmendorf-Richardson

Бұл кездесу қысқа болған — император Еуропаға сапар шегіп бара жатқанда Анкориджде ұшағына жанармай құйылған. Ол Аляскада бар болғаны 110 минут болған. Алайда бұл — жапон императоры алғаш рет өз елінен шыққан тарихи оқиға еді. Сол кезде 5 мың адам ангарға жиналып, Никсонның императорды қарсы алу сәтін көруге келген.

Бұған дейін хабарланғандай, Путин мен Трамп Анкоридждегі әскери база аумағында кездесетін болады.