АҚШ-тағы құқық қорғау органдарының ақпараттық жүйесіне тағы шабуыл жасалды

АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ Федералдық тергеу бюросы ел көлеміндегі қылмыс туралы деректер базасының бұзылуына байланысты тергеу бастады. Бұл — кейінгі бірнеше айдағы осындай екінші оқиға. Бұл туралы «Синьхуа» жазды.

Фото: Kazinform/ЖИ

CNN телеарнасының мәліметінше, кибершабуылға қатысты тергеу жүріп жатқанын жағдайдан хабардар екі дереккөз растаған.

Телеарнаның хабарлауынша, хакерлер кейінгі бірнеше айда екінші рет Қылмыстық ақпарат жөніндегі ұлттық орталықтың жүйесіне енген. Бұл деректер базасы АҚШ-тың федералдық, аймақтық және жергілікті құқық қорғау органдары арасында ақпарат алмасуға мүмкіндік береді.

Кибершабуыл туралы ақпарат NBC News телеарнасы АҚШ Ауыл шаруашылығы министрлігіне жасалған шабуыл жөнінде хабарлағаннан бірнеше сағат өткен соң жарияланды.

Телеарнаның дерегінше, осы аптаның басында хакерлер ведомствоның фермерлерге төлем жасауға арналған жүйесіне қол жеткізген.

Бұл кибершабуылдар АҚШ-та әуе қатынасы, банк жүйесі мен ұлттық қауіпсіздік салаларында бірқатар техникалық ақау тіркелген тұста болды.

Сәрсенбіде АҚШ барлау қызметтерінің өкілдері бұл ақаулардың бір-біріне қатысы жоқ жекелеген оқиғалар екенін мәлімдеді. Олардың айтуына қарағанда, мәселелер жүйелерге техникалық қызмет көрсету және өзгерістер енгізу кезінде туындаған. Сондай-ақ бұл үйлестірілген шабуыл немесе қандай да бір мемлекеттің қолдауымен жасалған әрекет емес.

Айта кетейік, техникалық ақауларға байланысты сын күшейген тұста АҚШ президенті Дональд Трамп бейсенбіде Ақ үйдің киберқауіпсіздік басқармасының басшысы Шон Кернкроссты қызметінен босатты. Ол бұл лауазымға 2025 жылғы тамызда тағайындалған еді. Трамп басқарманың жаңа басшысы етіп АҚШ Қорғаныс министрлігінің ақпараттық технологиялар жөніндегі директоры қызметін атқарған Кирстен Дэвисті тағайындады.

Еске салайық, биыл тамызда АҚШ-тың кемінде 12 штатындағы мемлекеттік су жүйелеріне де хакерлік шабуыл жасалған. Бұл коммуналдық инфрақұрылым қауіпсіздігіндегі олқылықтарға қатысты алаңдаушылықты күшейтті.

Ал оның алдында АҚШ-тың білім беру жүйесі хакерлік шабуылға ұшырағанын хабарлағанбыз. Осыдан соң елдегі жоғарғы және орта білім беру мекемелері уақытша қызметін тоқтатуға мәжбүр болды. Бұл сабақ кестелері мен емтихан өткізу тәртібіне кедергі келтірді.