АҚШ-тағы ірі қара мал саны соңғы 70 жылдан астам уақыттағы ең төменгі деңгейге түсті. Бұған негізгі мал шаруашылығы өңірлеріндегі құрғақшылық салдарынан жайылымдардың қысқаруы, сондай-ақ жанармай, жұмыс күші мен жабдық құнының қымбаттауы себеп болған. Соның салдарынан көптеген фермер малын сатуға мәжбүр болды.
АҚШ-тың Еңбек статистикасы бюросының мәліметінше, соңғы бір жылда сиыр еті бағасы 11,8%-ға өсті. Маусым айында ғана баға алдыңғы аймен салыстырғанда 1,2%-ға қымбаттаған. Тартылған сиыр еті 12,4%-ға, ростбиф 13,8%-ға, ал стейк бағасы 11,4%-ға артқан.
Қиын жағдай туралы Tyson Foods компаниясы да мәлімдеді. Компанияның бас директоры Донни Кинг сиыр еті өндірісі бөлімшесінің күткен нәтижеге жете алмағанын айтты. Оның сөзінше, бөлімшенің шығыны 138 млн АҚШ доллар болып, сатылым көлемі 15,9%-ға қысқарған. Мал ұсынысының шектеулі болуы өндіріс шығындары мен өнім бағасының өсуіне әсер еткен.
Сонымен қатар АҚШ Ауыл шаруашылығы министрлігі (USDA) тамыз айының соңынан бастап Мексикадан ірі қара мал импортын кезең-кезеңімен қайта бастайтынын хабарлады. Импорт бір жылдан астам уақыт бұрын жаңа әлем ет шыбыны тарататын аурудың өршуіне байланысты тоқтатылған еді. Жеткізілім Аризона штаты арқылы, шекаралас Мексика штаттарындағы эпидемиологиялық ахуал бағаланғаннан кейін қайта жанданады.
Донни Кингтің айтуынша, Мексикамен шекараның қайта ашылуы ұзақ мерзімде мал жеткізілімін жақсартуы мүмкін. Алайда бұл жақын арада қалыптасқан тапшылық мәселесін толық шешпейді. Компания жағдайдың 2027 жылдан бастап біртіндеп жақсаратынына үміт артып, өндіріс тиімділігін арттыру және шығындарды азайту жұмыстарын жалғастырып жатыр.
Бұған дейін АҚШ-тағы мұнай қоры 1983 жылдан бергі ең төменгі деңгейге дейін азайғаны хабарланған болатын.
Айта кетелік АҚШ-тың экономикалық өсімі екінші тоқсанда баяулаған еді.