АҚШ-тағы су тасқыны: бір штатта төтенше жағдай режимі жарияланды
АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ-тың Нью-Джерси штатында толассыз нөсер салдарынан кемінде екі адам қаза тапты, деп хабарлайды Euronews.
Плейнфилд қаласында болған қатты дауыл кезінде екі әйел қаза болды, олардың көлігін тасқын су өзенге ағызып әкеткен.
Нью-Джерси штатының губернаторы Фил Мерфи төтенше жағдай жариялап, кейбір аудандарда екі жарым сағаттың ішінде 150 миллиметрден астам жауын-шашын түскенін мәлімдеді. Ол мұндай төтенше табиғи құбылыстардың жиілеуі мен күшеюін климаттың өзгеруімен байланыстырады.
Табиғи апат көршілес Нью-Йорк штатына да әсер етті, мұнда да жауын салдарынан жолдарды су басты. Манхэттендегі Орталық саябақ ауданында бір сағат ішінде 50 миллиметрден астам жауын-шашын түскен. Нью-Йорк мэрі Эрик Адамстың айтуынша, бұл қала тарихында тіркелген екінші ең жоғары көрсеткіш.
Уэстчестер округінде құтқарушылар қатты су басқан көшелерде адамдарды көліктерінен шығарып, қауіпсіз жерге эвакуациялауға көмектесті.
Бұған дейін АҚШ-тың Техас штатында да жойқын су тасқыны болғаны хабарланған еді. Онда апаттан қаза тапқандар саны кемінде 129 адамға жеткен.
Айта кетейік, Каталонияда толассыз жауған жаңбырдан су тасқыны болған еді.