АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ-тың Нью-Джерси штатында толассыз нөсер салдарынан кемінде екі адам қаза тапты, деп хабарлайды Euronews .
Плейнфилд қаласында болған қатты дауыл кезінде екі әйел қаза болды, олардың көлігін тасқын су өзенге ағызып әкеткен.
Нью-Джерси штатының губернаторы Фил Мерфи төтенше жағдай жариялап, кейбір аудандарда екі жарым сағаттың ішінде 150 миллиметрден астам жауын-шашын түскенін мәлімдеді. Ол мұндай төтенше табиғи құбылыстардың жиілеуі мен күшеюін климаттың өзгеруімен байланыстырады.
Табиғи апат көршілес Нью-Йорк штатына да әсер етті, мұнда да жауын салдарынан жолдарды су басты. Манхэттендегі Орталық саябақ ауданында бір сағат ішінде 50 миллиметрден астам жауын-шашын түскен. Нью-Йорк мэрі Эрик Адамстың айтуынша, бұл қала тарихында тіркелген екінші ең жоғары көрсеткіш.
Уэстчестер округінде құтқарушылар қатты су басқан көшелерде адамдарды көліктерінен шығарып, қауіпсіз жерге эвакуациялауға көмектесті.
Бұған дейін АҚШ-тың Техас штатында да жойқын су тасқыны болғаны хабарланған еді. Онда апаттан қаза тапқандар саны кемінде 129 адамға жеткен.