АҚШ-тағы турнирде Бублик пен Кукушкин қарсыластарынан басым түсті

Фото: Фото: Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық теннисшілер Александр Бублик пен Михаил Кукушкин Финикс (АҚШ) челленджер турнирінің екінші айналымына шықты.

Қазақстанның бірінші, әлемнің 82-ракеткасы Александр Бублик бастапқы кездесуінде рейтингіде 64-орында тұрған аустралиялық Александр Вукичтен айласын асырды.

Бублик қарсыласын 6:3, 3:6, 6:3 есебімен тізе бүктірді.

Сағат жарымнан астам уақытқа созылған бәсеке барысында қазақстандық теннисші эйс санын 19-ға жеткізіп, 6 брейк-пойнттың екеуін пайдаланды. Вукич 6 эйс, 1 брейкпен (2 брейк-пойнт) шектелді.

А.Бублик ширек финалға шығу үшін рейтингіде өзінен бір саты төмен тұрған жапониялық Ринки Хиджикатамен таласады.

Жарысты іріктеу сайыстарынан бастаған рейтингіде 166-сатыдағы Михаил Кукушкин әлемнің 160-ракеткасы, жапониялық Ясутака Утияманы жолдан тайдырды – 6:4, 6:2.

Бір сағат 28 минуттық матчта Кукушкин 2 эйс, 4 брейкпен (6 брейк-пойнт) ерекшеленді. Утияма 3 эйспен бірге 1 брейк жасады.

М.Кукушкин екінші айналымда әлемнің 67-ракеткасы, италиялық Люка Нарди немесе рейтингіде 76-орындағы тағы бір жапониялық Кэй Нисикоридің қай жеңгенімен кездеседі.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Жібек Құламбаеваның Мажарстандағы турнирде жарыстың 4-ракеткасын ұтқанын жазған болатынбыз.