АҚШ-тағы үнділік студенттер ұсақ-түйек тәртіп бұзғаны үшін де депортациялануы мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM – Бұрын зардабы ауыр емес ұсақ құқықбұзушылықтар жасаған студенттерге қатаң шара қолданылмайтын, ал қазір осындай әрекеттер үшін депортациялануы мүмкін, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі The Economic Times басылымына сілтеме жасап.
Иммиграциялық сарапшылардың айтуынша, Трамп әкімшілігі кезінде иммиграциялық саясатты күшейту жағдайында ұсақ ұрлық, мас күйінде көлік жүргізу және бағдаршамның қызыл түсіне өтіп кету сияқты құқық бұзушылықтар студенттердің иммиграциялық мәртебесін жоюға негіз болды.
Мұндай құқық бұзушылықтар бұрын жазалауды, оның ішінде кейде бас бостандығынан айыруды да қарастырғанымен, студенттерді депортациялауға әкелген жоқ. Енді билік студенттерге шара қолдану үшін тіпті ескі істерді де қарап жатыр.
Осылайша, екі жыл бұрын үнділік студентке жылдамдықты арттырғаны үшін айыппұл салынды – ол жылдамдық шегі 70 болғанда сағатына 80 миль жүрген. Сол кезде айыппұл төледі. Енді оған депортациялау қаупі төніп тұр, деді есімін атамауын сұраған істі жүргізіп жатқан адвокат.
Миссури штатында тұратын Үндістаннан келген тағы бір студент мас күйінде көлік жүргізгені үшін қамауға алынды, бірақ ол бір жыл бойы ішімдік ішуден бас тарту шартымен босатылды.
- Соған қарамастан менің визам кенеттен жойылды, - деді ол.
Singhania & Co заң фирмасының серіктесі Аслам Ахмедтің айтуынша, кейбір үндістандық студенттер жылдамдықты асырғаны немесе көлікті мас күйінде жүргізген үшін олардың F-1 студенттік визаларының жарамсыз екендігі туралы және елден дереу кетуді талап ететін электрондық хаттар келген.
- Бұрын болмашы заңбұзушылықтар үшін ескерту алып босатылған көптеген студенттер қазір депортация туралы хабарламалар алып жатыр, 300-ден астам виза жойылды, - деді Singh Ahluwalia Attorneys at Law негізін қалаушы Дипак Ахлувалия.
АҚШ-тың Ішкі қауіпсіздік департаменті F-1, J-1 және M-1 визаларының иелерін қадағалау жүйесі жүргізетін SEVIS жүйесінен олардың деректерін жойып жатыр, бұл студенттерге үлкен соққы –, деді студенттерге шетелде оқуға көмектесетін Collegify компаниясының негізін қалаушы Адарш Кханделвал.
Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Гарвард университетімен ашық күресі аясында бұл мекемеге қосымша федералдық қаржыландыру түрінде бөлінген 1 млрд долларды кері қайтаруды жоспарлап отырғанын жазған болатынбыз.