АҚШ-тағы қатпарлы газ өндірісінің күрт артуы кімдерді алаңдатады?

АСТАНА. ҚазАқпарат - PriceWaterhouse Coopers консалтингілік компаниясының жақында жарияланған болжамдарына сәйкес, әлемде қатпарлы тас есебінен көмірсутегі өндірісі жиырма жылдық перспективада 12 пайызға өсіп, 14 миллион баррельге жететін болады. Қатпарлы газ өндірісі 2035 жылға қарай әлемдік жалпы ішкі өнімді 2,7 триллион долларға арттырады.

Сонымен қатар, IHS америкалық геологиялық барлау фирмасы дәстүрлі емес газдың әлем бойынша аса зор қоры туралы айтуда. Аргентинадағы Вака Муэрта кентінің аумағынан бастап, Солтүстік Африкадағы Силурий жүйесінің шөгінділері мен Батыс Сібірдегі Бажен қабаттарына дейін - барлығы 23 әлеуетті кен орындарының есебі бар. Қатпарлы газ - негізінен метаннан тұратын, жанғыш қатпарлы тастан өндірілетін табиғи газ. 2014 жылдың алғашқы алты айының қорытындысы бойынша АҚШ қатпарлы тас кен орындарын игеру есебінен РФ және Сауд Арабиясын басып озып, әлемде ең озық мұнай өндіруші болып танылды, деп хабарлайды Bank of America Corp. (BofA) өзінің газ конденсаты есептеулерін қамтитын есебінде. «АҚШ ең ірі мұнай және газ өндіруші болып табылады. Қатпарлы тасқа орай көтерілген шу, дау-дамай соңғы жылдары америкалық экономикаға күрт өзгерістер енгізді. Ал энергия тасымалдаушыларға деген құнның төмен болуы АҚШ экономикасының маңызды артықшылығына айналды», - деп атап өтеді BofA шикізаттық зерттеулер бөлімінің басшысы Франсиско Бланш. Бұдан басқа ол АҚШ шекарасынан тыс аумақтағы өндіру қарқынының банк болжамдарынан төмен болғандығын және сондықтан да шикізатқа деген бағаның жоғары болып қалып отырғандығын мәлімдеді. АҚШ мұнай-газ секторына жалпы салым көлемі рекордтық 200 млрд. долларға дейін артты, бұл алғаш рет АҚШ-тағы барлық инвестициялардың шамамен 20% құрады, деп атап өтті Бланш. Бұл - жағымды жағы. Ал мұның көлеңкелі, яғни зияны тиіп жататын жақтары да аз болмай отыр. Еске сала кетсек, бұдан бұрын Нью-Йорктің апелляциялық соты штат қалаларына өз шекаралары шеңберінде қабатты гидроүзу әдісімен бұрғылауға тыйым салу енгізуге мүмкіндік беретін шешім шығарған еді. Бұл қатпарлы тас саласына айтарлықтай соққы болды. Нью-Йорктің Тәуелсіз мұнай және газ қауымдастығының атқарушы директоры Брэд Гилл, аталған шешімнің Empire State қатпарлы тас өндірісі үшін «табытқа қағылған тағы бір шеге» болғандығын атай отырып, осыған орай нақты дәлелдер келтірген де еді. Қанатын кеңге жая бастаған қатпарлы газ өндірісі ресейлік газ саласындағы монополистердің бірі «Газпром» ААҚ-ты алаңдатып отыр. Өйткені сұйытылған табиғи газдың америкалық эскпортерлері тарапынан байқалып отырған бәсекелестік салдарынан олар өздерінің айтарлықтай кіріс бөлігінен айырылуы мүмкін. Мұның шындыққа жанасатындығы да рас. Атап айтқанда,Эд Крукстың Financial Times британдық газетінде жарияланған «Америкалық қатпарлы газ экспорты «Газпромның» табысына соққы келтіруі мүмкін» деген мақаласында ол ресейлік «Газпром» сұйытылған табиғи газдың америкалық экспорты әкеліп отырған бәсекелестік салдарынан өз табысының 18% айрылуы мүмкін деп жазады және Нью-йорк талдау орталығы да осылай есептейді. Ал Колумбия университетінің Жаһандық энергетикалық саясат орталығы жариялаған талдауда «америкалық СТГ (сұйытылған табиғи газ) экспорты себебінен туындаған әлемдегі бағаларға көрсетілетін қысымның азаюына байланысты еуропалық тұтынушылар газ үшін 11% кем төлеуі әбден мүмкін, бұл өз кезегінде ресейлік үкіметтің бақылауындағы «Газпром» компаниясының табысына соққы келтіруі ықтимал» деп атап көрсетілген. Дегенмен еizvestia.com. «Газпром» айтарлықтай шығынға ұшырайтындығына қарамастан, осы жағдайдың жалпы алғанда ресейлік экспорттық кіріске тигізетін жалпы әсері онша маңызды бола қоймайды», деп хабарлады, Еуропа газдың ең ірі тұтынушыларының бірі болып қалатындықтан, газ жеткізудегі іркілістерді болдырмау үшін Ресей өз энергетикалық инфрақұрылымын нығайта түсуі қажет деп есептейді сапаршылар. Болжанып отырғандай, газға деген әлемдік бағаның төмендеуі Мозамбик жағалауында табылған ірі газ кен орындарын жоспарлы игеру сияқты басқа салаларда ұсынылған экспорттық жобаларға әсерін тигізетін болады. Бұдан бұрын коммерциялық мақсаттарда жарамсыз болып келген резервтерден іске асырылған өндіріс технологияларындағы жетістіктердің арқасында орын алған АҚШ-тағы қатпарлы тас революциясы осы елде газ өндірісінің артуына әкеліп соқтырды және Американың сұйытылған табиғи газды әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті бағалар бойынша сата отырып, оның ірі жеткізушісі болуы мүмкін деген сенім тудырды. Энергетика саласында реттеу жөніндегі федералдық комиссия сұйытылған газ бойынша құны миллиардтарды (АҚШ доллары) құрайтын жобаларды іске асыруға өз рұқсатын берді, бұл инфрақұрылым құрылысын бастауға мүмкіндік тудырады, бұған қоса тағы 13-тен астам жоба бекітілуі тиіс. Қатпарлы тас төңірегіндегі әңгіме қазірдің өзінде әлемдік газ нарығына айтарлықтай әсерін тигізуде, себебі ендігі жерде АҚШ СТГ импорттауға мүдделі емес, бұл Катарға және басқа елдерге оны Еуропаға және Азияға жеткізуге итермелейді. Ендігі жерде еуропалық коммуналдық кәсіпорындардың және басқа да газ тұтынушыларының «Газпроммен» газ жеткізу туралы келісімшарттарды қайта қарауына жол ашады. АҚШ-тан сұйытылған табиғи газды экспорттау 2016 жылы басталады деп күтілуде және бұл түбінде «Газпромның» Еуропадағы нарығына ортақтас болады деген болжам да жасалып отыр. Сондай-ақ, америкалық СТГ едәуір бөлігі Азияға жеткізілуі ықтимал. Мұндағы баға жоғары. Ерлан Қожакелдиев