АҚШ-тан Гонконгқа дейін: Алматылық түлектер қайда оқуға түсіп жатыр

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда шетелдік университеттердің грант иегері атанған студенттер көбейген.

Фото: Алматы әкімдігі

Алматы әкімдігінің мәліметінше, осы оқу жылында мегаполистің жүздеген 11-сынып оқушысы АҚШ, Ұлыбритания, Швейцария, Франция, Аустрия, Гонконг, Сингапур, Оңтүстік Корея және Түркияның жетекші университеттерінен шақырту алып, білім гранттарын иеленген.

Фото: Алматы әкімдігі

Мысалы, № 105 гимназияның түлегі әрі химия пәнінен халықаралық олимпиаданың күміс жүлдегері Сәлима Дәулеткерей әлемдегі ең беделді технологиялық институттардың бірі — EPFL-ге (Швейцария) «Биохимиялық инженерия» мамандығына, сондай-ақ Гронинген университетіне (Нидерланд) шақырту алған.

Фото: Алматы әкімдігі

Ал № 92 мамандандырылған лицейдің оқушысы Арайлым Мұхажан математика және физика бойынша халықаралық олимпиадалардың жеңімпазы атанып, бірден үш ірі университеттен шақырту алған. Олар: DePauw University (АҚШ), Saint Louis University (АҚШ) және Duke Kunshan University (ҚХР). Осы мектептің тағы бір оқушысы — Арайлым Мұхаметқали Massachusetts University (АҚШ), Suffolk University (АҚШ) және The Hong Kong Polytechnic University (Гонконг) университеттеріне шақырылды.

Фото: Алматы әкімдігі

№ 22 мектеп-гимназиясының тәлімгері Жанель Тен француз тілі бойынша республикалық олимпиаданың жүлдегері атанып, Страсбург университетіне (Франция) оқуға қабылданған. Ал робототехникадан халықаралық жарыстардың жүлдегері Мұхамеджан Төлеубек (№ 140 гимназия) South China University of Technology (ҚХР) университетінің «Жасанды интеллект» инновациялық бағытына оқуға түсті.

Еске салайық, енді ҰБТ сертификатымен Малайзия ЖОО-ларына түсуге болады.